Аягөз қалалық мешітінде жаңа бас имам Фото

ҚМДБ – ның Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен, Думан Нәдірұлы Аягөз қалалық мешітінің бас имамы қызметінен босатылып, бас имам қызметіне Алмас Айткәрімұлы тағайындалды.

Семей аймағының бас имамы Асқар Әбітайұлы Бас мүфтидің бұйрығын оқып, Думан Нәдірұлына алғыс білдіріп, атқарған қызметтеріне тоқталып, Алмас Айткәрімұлын құттықтап, имамдардың жаңа қызметтеріне сәттілік тіледі.

Аудан әкімі Сейілбек Абиұрұлы Думан Нәдірұлына «Аягөз мақтанышы» төсбелгісін тағып, шапан жауып, алдағы істеріне береке тілеп, алғыс хат табыстады. Аягөз қалалық мешітінің ақсақалдарымен жастар бөлімі Думан Нәдірұлына ақ баталарын беріп, ат мінгізді.

Думан Нәдірұлы Аягөз қалалық мешітінде қызмет атқарған жылдары мешіт ауласынан жаңа қосымша ғимарат салдырып, мешіттің астыңғы қабатын кеңейтіп, жамағатпен намаз оқуына мүмкіндік жасап, жаңа студияның ашылуына үлес қосып, дініміздің өркендеуіне білімімен талмай қызмет атқарды. Алдағы уақыттада дін жолында қызмет лауазымын ары қарай жалғастырмақ.

Жаңа қызметке тағайындалған Алмас Айткәрімұлы осыған дейін Өскемен қаласындағы «Защита» мешітінің бас имамы қызметін атқарған.

 Қысқаша өмірбаяны:

 Аягөз орталық мешіттің бас имамы қызметіне тағайындалған – Кенжеғұлов Алмас Айткәрімұлы 1983 жылы Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласында дүниеге келген.

Дін саласында бірнеше жыл еңбек еткен, жоғары білімді, отбасылы.

2005-2012 ж.ж ҚМДБ, ШҚО, Өскемен аймағы өкілдігі, облыстық  «Өскемен орталық мешітінде» кезекші, молда, наиб имам;

  2012 жылдан ҚМДБ, ШҚО, Өскемен аймағы өкілдігі, Өскемен қалалық «Защита» мешітінің бас имамы қызметін атқарды.

Аягөз қалалық мешітінің баспасөз қызметі