БАС ИМАМ ҚАСИЕТТІ РАМАЗАН АЙЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ПРЕСС КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Семей аймағы бойынша Бас имамы Асқар Әбітайұлы Семей әкімшілік ақпарат орталығында тікелей эфирде өткен карантин кезіндегі ораза тақырыбындағы пресс конференцияға қатысып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Асқар Әбітайұлы Семей жұртшылығын он екі айдың сұлтаны, қасиетті Рамазанның басталауымен шын жүректен құттықтап, қасиетті айда мешіттерде атқарылатын шаралар жайлы атап өтті.

Жұртшылықты пандемия кезінде барынша сақтанып жүруге, адам көп шоғырланған орындарға бармауға, ауыз бекіткен жағдайда дұрыс тамақтануға, мүмкіндігінше жұмыс кестесін ыңғайлап, денсаулықты күтуге шақырды.

«Қасиетті айда қайырымдылық жасап, сауап алуды ниет еткен жандарға айтарым: ауызашар қораптарын еріктілер немесе мешіт қызметкерлері арқылы көмекке мұқтаж азаматтарға жеткізуге болатынын айтты.

«Алла қаласа, 2021 жылдың қасиетті Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. Орталық Азия мүфтилерімен кеңесіп, ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесіне сүйене отырып осындай шешім қабылданғанын жеткізді. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – қасиетті Қадір түні. 13 мамыр – Ораза айттың бірінші күні. Алла қаласа, биыл 30 күн ораза ұстаймыз. Осы жылғы пітір садақа мөлшері жан басына 420 теңге болып белгіленді. Пітір садақа мөлшері барлық облыстағы 2 келі ұнның ең төменгі бағасымен өлшенді» деп атап өтті Бас имам.

Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.