Семей: 820 отбасыға 15 тоннадан аса азық-түлік таратылды. (ФОТО)

Қасиетті Рамазан айының құрметіне ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен «Берекелі Рамазан керуені» республикалық онлайн марафоны өтті.

«Алла Тағала қасиетті Құранның «Мәида» сүресінде: «Өздеріңді Аллаға жақындататын ізгі істерде, тақуалықта бір-біріңе жәрдемдесіңдер! Ал күнәлі істерде һәм дұшпандық жасап, шектен шығуда біріңе-бірің болыспаңдар» десе, адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамдардың ең қайырымдысы – өзгеге пайдасын тигізгені» деген. Мінеки, Талғат Омаров бастаған «Зекет және қайырымдылық» қоры мамандары мен өңірлердегі имамдардың арқасында Рамазан айында күн сайын үздіксіз қайырымдылық іс-шаралары өтіп жатыр, ауызашарлар беріліп жатыр. Алла сіздерге разы болсын! Елімізді аман, жұртымызды тыныш етіп, ізгі амалдарымызды, дұға-тілектерімізді Алла Тағала қабыл етсін!» деп Бас мүфти бата беріп, қайырымдылық керуенін шығарып салды.

                Сондай-ақ облыс имамдарының атынан Ақтөбе қаласының бас имамы Төлеби Оспан, Қостанай облысының бас имамы Бахытбек Тәжімбет және Қызылорда облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы онлайн марафонды қабылдап, жолға шыққан дін қызметкерлеріне, еріктілерге сәттілік тіледі.

Бас мүфти бастамасымен өткен қайырымдылық акция барысында әр өңір орталықтарынан алдын ала дайындалған азық-түлік тиелген жүк көлігі шалғайда орналасқан ауыл-аймаққа қарай жолға шықты.

Семей өңірі имамдары және «Зекет және қайырымдылық» қоры өкілдігінің ұйытқы болуымен 5 700 000 мыңдай қаражат жұмсалып 820 мұқтаж отбасыға 15 тоннаға жуық азық-түлік қоржыны үлестірілді. Рамазан айы – қайырымдылық айы. Мешіттерге түскен пітір-садақаны халыққа азық-түлік ретінде үлестіру. Азық-түлік тарату эпид ахуалға, карантиндік шараларға байланысты, еріктілер арқылы әр мұқтаж жандардың үйлеріне, шалғайдағы аудан-ауылдарға жеткізілді.

Семей Қос мұнаралы мешітінің баспасөз қызметі.