Құрбан айт қарсаңында БАҚ өкілдерімен өткен кездесу

Қасиетті Жұма күні өткен Семей қаласының аймақтық комуникациялар қызмет брифингіне Семей аймағы бойынша Бас имамы Асқар Әбітайұлы қатысып, журналистер сұрақтарына жауап берді.

Бас имам Асқар Әбітайұлы биыл барша мұсылмандардың ұлық мерекесі – Құрбан айт Алла қаласа шілде айының 20-22-сі күндері арасында өтендігін хабарлады. Ал, Құрбан айт намазы жергілікті уақыт бойынша 07:00 де мешіт сыртында оқылатынын жеткізді.

Сонымен қатар Бас имам ҚҰрбан айт мерекесіне қатысты біраз өзекті мәселелерге тоқталды;

Біріншіден, 2021 жылы құрбан шалу рәсімі қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып Cемей өңірінде онлайн жолмен жүзеге асырылады:

Бүгінгі пандемия жағдайында құрбан шалушыға қолайлы жағдай жасау және көмекке мұқтаж жандарды қолдау мақсатында өткен жылдың тәжіребесін қолданып, құрбан шалу рәсімін шариғаттағы «өкілдік» қағидасына сәйкес www.qurban2021.kz сайты арқылы онлайн режимде жүзеге асыру.

Бұл жобаның мақсаты – қайырымдылыққа дәнекер болу, халықтың денсаулығы мен өміріне төнген қауіпті сейілтуге үлес қосу, құрбан шалуға ниет білдірген жандарға карантин жағдайында оңтайлы жол ұсыну.

Екіншіден, карантин жағдайында қалада тұрып жатқан азаматтар үшін қашықтықтан өз атынан құрбан шалуға тапсырыс беру – оңтайлы шешім.

Шариғат бойынша адам өзінің атынан басқа кісіні белгілі бір іске уәкіл ете алады. Өйткені, адам баласы кейбір жағдайда бір істі орындауға мүмкіндігі болмай қалады. Осы кезде біреудің көмегіне жүгінеді, яғни сол істі оған тапсырады, оны өзінің атынан уәкіл етеді. Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хаким ибн Хизам (Алла оған разы болсын) арқылы құрбандық сатып алуға тапсырыс береді. Біз осы оқиғадан шариғат бойынша уәкілге тапсырыс беру арқылы құрбан шалдыруға болатынын анық аңғарамыз.

Үшіншіден, ауылдық жерде жеке тұрғын үйде тұратын әр адамның мұсылмандық міндетін атқаруына ҚМДБ тарапынан ешқандай шектеу жоқ екенін жеткіземіз.

Төртіншіден, ханафи мәзһабында құрбан айт күндері бай адамға құрбан шалу – уәжіп (міндет).

Бесінші, Семей өңірі бойынша мұқтаж отбасылар құрбандық етін алу үшін www.qurban2021.kz сайты арқылы биыл 20 шілде күні айт намазынан кейін өтініш білдіре алады. Мұқтаж отбасылардың өтініштерін қабылдау, сараптау және құрбандық еттерін жеткізіп беру жұмыстарымен Семей өңірінің имамдарымен ерікті топ айналысады.

Алтыншы, Тапсырыс берушіден түскен қаражат мал иесіне, яғни сатушыға тікелей беріледі. Өйткені бұл делдалдық қызмет емес. Көрсетілген сомаға қасапшының қызметі ғана кіреді. Ал құрбандық етін бөлшектеп, мұқтаж жандарға тарату сынды барлық ұйымдастыру жұмыстары ҚМДБ мешіт жамағаты мен еріктілердің көмегі арқылы тегін жүзеге асады. Бұл – құрбан шалуға тапсырыс беруші азаматтар үшін үлкен жеңілдік.

Жетінші, аталған жоба санитарлық талаптарды сақтай отырып, халықтың өмірі мен денсаулығын сақтауды көздейді. Сонымен қатар жоба мақсаты – көмекке аса зәру азаматтарды қолдап, оларға ұлық мейрамда қуаныш сыйлау, аз да болса, қайғы-мұңын сейілту. Құрбандық шалудың негізгі мәні осы.

Құрбандық малдарының биылғы жылғы  онлайн тапсырыс бағалары: Қой- 65 000 тг, Сиыр-400 000 тг, және ешкі-50 000 тг болып бекітілді.( қасапшы қызметімен қасапхана бағасы аталған соманың ішіне кіреді)

Алла Тағала шалған құрбандығымызды, берген садақамызды қабыл етіп, екі дүние игілігін нәсіп еткей!

Семей Абай Құнанбайұлы атындағы орталық мешітінің баспасөз қызметі.