СЕМЕЙ ӨҢІРІНДЕ МӘУЛІТ МЕРЕКЕСІ АТАП ӨТІЛДІ (ФОТО)

Семей қалалық Абай драма театрында ҚМДБ-ның Семей аймағы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) – ның  құрметіне “Адамзаттың кемелі – Әз –  Мұхаммед (с.а.у)” атты рухани – танымдық мәуліт кеші өтті.

Мәуліт мерекесіне Бектенов Ерғали, Тұрлыбеков Саяхат, Рахиев Мақсат және Назар Мұрат  иләһи әндер мен термелер орындап, пайғамбарға деген сағыныштарын әнмен жеткізді.

Мерекенің  мазмұнын байытып мәнін аша түскен  Семей қалалық  “Энтузиаст” халықтық театры өнерпаздарының “Пендеміз ғой…” атты қойған қойылымының  актерлік шеберліктері көрермен көңіліне ой салып, көздеріне еріксіз жас келтіріп ерекше әсерге бөледі. Семей қалалық мешіт қызметкерлерінің айтқан Мәуліт салауаттары мен мадақтары, жиналған жұрттың жүрегін бір серпілтті, бір ерекшілігі мәуліт қазақша мәтінде оқылды.

ҚМДБ-ның өкілі Кәмәлжан Бекболсынұлы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) жайлы уағыз  айтып, Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізді.  Шығыс Қазақстан Облысы дін істері басқармасы, дін мәселелерін зерттеу орталығының  басшысы Ернат Қыдырмоллаұлы жылы лебіз тілектерін жаудырды және де осы мерекені ұйымдастырушы Семей аймағының Бас имамы  Асқар Әбітайұлы  Абай драма театрына ерекше алғыс білдіріп,  көріністің басқару режиссеры Болат Қамзинға, “Энтузиаст” халықтық театрының актерлеріне  және  кешімізге  үлес қосқан жандарға  алғыс хат табыстады.

Мәуліт айындағы рухани шараның басты мақсаты – пайғамбарымызға салауат айту, оның асыл қасиеттерін дәріптеу, халық арасында имандылықты насихаттай отырып, тұрақтылық пен тыныштыққа үндеу. Салауат жырлары мен пайғамбарға деген ыстық ықыласы сағыныш сезіміне ұласқан көрермен-жамағат ризашылық көңілмен қимай қоштасты.

 

Семей қаласындағы “Абай Құнанбайұлы” атындағы орталық мешітінің баспасөз қызметі