АБАЙ АУДАНЫНДА КЕЗЕКТІ ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ (ФОТО)

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесі қарсаңында Семей өңірі, Абай ауданы, Қасқабұлақ ауылында жаңа мешіт ашылды. Имандылық пен ізгіліктің үндеушісі жаңа ғибадат ордасы ел игілігіне пайдалануға берілді.  Ералы баба есімімен аталатын ауыл мешіті 150 адамға арналған.

Мешіт ашылуына ҚМДБ – ның Семей аймағы бойынша Бас имамы Асқар Әбітайұлы, Абай Құнанбай орталық мешітінің наиб имамы Рашид Тұрсүнқанов, Абай ауданының Бас имамы Болат Самырбай  және басқа да ел алдында жүрген азаматтар қатысып, ауыл халқын жаңа мешіттің ашылуымен құттықтап, мешіттің игілікті істердің бастамашысы болып, иманды да ибалы жастарды тәрбиелеп шығаруға ұйытқы болатынын айта келе, мешіт құрылысының бой көтеруіне қатысқан белсенді азаматтарға марапат хат, сый-сияпаттар табыстады.  Мешіттің лентасы қиылып, салтанатты шараға қатысқан барлық ресми өкілдер кезегімен сөз алып, халықты береке-бірлікке шақырса, ауыл ақсақалдары ақбатасын беріп, ақжаулықты аналар шашу шашып, ізгі ниеттерін білдірді.  Бас имам Асқар Әбітайұлы ҚМДБ – ның атынан қасиетті Құран кітабын сыйға тартты. Ауыл халқының ақ дастарханы жайылып, жылы лебіздер айтылып, ақ баталар берілді.

 

“Абай Құнанбайұлы” атындағы орталық мешітінің баспасөз қызметі