Жастарды деструктивті ағымдардан сақтау – басты міндет

Деструктивті діни ағымдардың идеологиясына төтеп беріп, жастарымызды оның теріс ықпалынан барынша алшақ ұстау – бүгінгі қазақстандық қоғамдағы азаматтардың басты міндеті. Ел басына күн туғанда, яғни соңғы қаңтар оқиғасы кезінде ұлттық бірлігіміз бен татулығымыз, ұлтаралық келісім принциптері сыңға алынғаны белгілі. Осы ретте сырттан келген арам пиғылды күштің көздегеніне ұлт болып тойтарыс бере білдік. Ең бастысы – жастарымыздың санасын теріс ойдан алшақтатуға тырыстық. Террористік және экстремистік шабуыл жасап, қатарын кеңейтпек болғандардың басым бөлігі – жастар. Сондықтан жастарымызға, өскелең ұрпаққа деструктивті діни ағымдардың арбауына түспеудің қандай амалдары бар? – деген сауалымызды облыстық Дін мәселелерін зерттеу орталығына жолдаған болатынбыз.

  • Ия, «қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде қаншама жастарымыз ажал құшып, теріс діни ағымдардың идеологиясының құрбанына айналғандарын көрсетті. Біздің орталық мамандары әрдайым осы бағытта жұмыс жүргізіп келеді. Бірақ, соңғы жағдайларды ескере отырып, жұмыс бағыты біраз күшейтіліп, арнасы да кеңейді. Жастарға жіті көңіл бөлу, ұлттық-рухани құндылықтармен тәрбиелеу – бүгінгі аға буын алдындағы мызғымас міндеттердің бірі болып отыр. Өйткені, кез-келген ұлттың болашағы өз халқын сүйген, оның ата дәстүрін қадірлеген, өткен тарихын мақтан ете отырып одан тәлім ала білген текті ұрпақтың қолында. Осы құндылықтарды жастардың бойына жастайынан сіңіре білген дұрыс, – дейді орталық маманы Тұрсүнқанов Рашид Мейимбекұлы.

Айта кету керек, жастардың басым бөлігі радикалды діни ағымдардың арнасына түсейін деп түспейді. Байқаусыздан, білімнің аздығынан, еліктеушіліктен құрбаны болып жатады. – Бүгін интернет байланыс пен коммуникацияның басты құралы. Осы әлемдік желіні террористер де өз пайдасына тиімді пайдалана білуде. Түрлі әлеуметтік желілерде осал топтарды тауып, оларға ақпараттық қысым жасап, өз қатарына қосып отыр. Сол үшін, ең алдымен, интернеттегі ақпаратты қабылдауда абай болу керек. Егер дін, діни тақырыптар қызықтырса, мешіттерге барып, имамдармен тілдесуге болады. Немесе біздің орталыққа келіп, теологтармен психологтарға сауалдарын қойып, қай жерде діни білімін шыңдауға болатынын білуге болады.

 Көп жағдайда деструктивті діни ағымдардың арбауына түсіп жатқан жастардың басым бөлігі – күйзелісте жүретін, өз ортасымен байланысқа түсуден қорқақтайтын, ата-ана назарынан тыс қалған, үнемі түрлі қысым көретін жандар. – Ең алдымен, балаңыздың қайда барып, кіммен аралас болып жүргенін білу керек. Интернетте қандай ақпараттарға қызығушылық танытып жүргенін де саралай білген абзал. Өйткені балаңыз тұйықталып, жасырын интернеттен ақпарат алса, діни тақырыптарды жиі қозғап, қоғамда болып жатқан өзгерістерге үнемі негативті тұрғыда қараса, аталмыш мәселеге бей-жай қарамай, бірден назар аударған дұрыс. Өйткені адамдар бір күнде террорист немесе экстремист болып кетпейді. Барлығы біртіндеп жиналып, кейін ауыр жағдайларға әкеледі, – дейді сөз соңында Орталық маманы.