ЖАРМА: БАТАГӨЙ ҚАРИЯЛАР БАҚ СЫНАСТЫ (ФОТО)

    Жарма аудандық ақсақалдар кеңесінің бастамасымен және орталық мешіт қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Батаменен ел көгерер» атты сайыс өткізілді. Ауданның ауылдық округтерінен 12 батагөй ақсақал қатысқан сайыста дін мен дәстүр сабақтастығын үйлестіре отырып, өңір ақсақалдары бата айтып, бақ сынасты. Тарих тақтасына жазылған билер мен шешендердің ұлағатты сөздері өсер ұрпақтың санасына ұялап, келешегіне бағытталған өнегеге толы өсиет екенін алға тартқан ұйымдастырушылар сайыскерлердің шеберліктерін бағалады. Бабадан жеткен даналық сөздерін келешегіне үлгі еткен қазыналы қариялар 3 кезеңнен өткен сайыста бата жарысымен қатар, салт-дәстүрге байланысты викторинарлық сауалдарға жауап берді. Сайыс қорытындысы бойынша:

1-орын – Қалбатау ауылынан Төлеубек Хасенұлы.

2-орын – Ақжал ауылынан Жармұхамед Мұрат,

3-орын – Әуезов кентінен келген қария Қалибек Жангелдинов иеленді.

       Шара соңында аудандық мешіт қызметкерлері мен аудандық ардагерлер кеңесі тарапынан сыйлықтар беріліп, алғыс хаттар берілді. Қазақ даналығында «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас», – деген. Көңілге қонымды шара соңында мешітке жиналған жамағат қос қолын жайып бата беретін, сөзі пайымды, кең ықыласты, ойы терең, өресі кең, өскелеңге өнегелі ісімен үлгі болатын батагөй қарияларымыз көп болғай деп тарқасты.