Семей өңірінің дін қызметкерлері 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында 30 пара Құранды бастан-аяқ оқып, хатым еткен болатын. Осы орайда Семейдегі тарихи орын Тыныбай мешітінде нахақтан қаза болғандардың, аштық құрбандарының рухына арнайы оқылған Құран-хатымның сауабы бағышталып, ас берілді. Жергілікті зиялы қауым, ғалымдар, ақсақалдар, БАҚ және қалалық әкімдік пен қоғамдық бірлестік өкілдері, дін қызметкерлері жиналды.
Осынау шараның бастамашысы ҚМДБ-ның Абай облысы бойынша Бас имамы Асқар қажы Әбітайұлы хатым дұғасын қайырған соң кіріспе сөз алды.
Дін мен дәстүрді қатар ұштастыруда осы күннің маңызына тоқталған Асқар Әбітайұлы бұл шараның Абай, Шәкәрімдер ат шалдырған, ұлт қаймағы саналған алаш зиялылары мінәжат еткен, Алашорда үкіметінің бас имандылық үйі болған Тыныбай мешітінде өтуінің өзіндік мәні бар екенін жеткізді.
-Өткен ғасырдағы жаппай саяси қуғын-сүргін – мыңдаған жазықсыз жанның өмірін қиған тарихымыздың шерлі беттерінің бірі екендігі шындық. Ал сол бір қасіретті жылдарды есте сақтау, олар үшін дұға ету – бүгінгі және келер ұрпақтың парызы екендігі сөзсіз. Осынау басқосуды ұйымдастырудағы бір мақсатымыз сол, – деді Бас имам өз сөзінде.
Ал, Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев атқарушы билік атынан алғыс білдіріп, бүгінгі Тәуелсіздіктің арқасында тарихи сананы жаңғыртуға жол ашылғанын әрі өткенге тағзым жасауда осындай іс-шаралардың маңызы зор екенін де тілге тиек етті.
Ел тарихының қасіретті парақтары жайында аға буын өкілдері де лебіз білдірді. Ғылым докторы, ардагер Зейнолла Тоқаев осындай басқосулардың берер тағылымы мол екенін жеткізіп, ұйымдастырушыларға шаһар ақсақалдары атынан алғыс айтты.
Сондай-ақ, халықаралық «Абай Құнанбайұлы» қорының президенті Отантай Кәріпжанов, бір мұнаралы Тас мешіттің бас имамы Нұрбек қажы Нәзірұлы да тұщымды пікір білдірді.
Десекте, елорда төрінен келген мейман, айтыскер ақын, Л. Гумилев университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының доценті Серікзат Дүйсенғазы ризашылығын ықыласпен жеткізді.
– Рухани діңгектеріміз – төл әдебиет, ұлт тарихы, дәстүрлі дін десек, осы үш құндылықты қастерлеп сақтау – ұлттық бірлігімізді нығайтып, ұйыстыратын үлкен күш. Осынау жолда атадан мирас болып жеткен төл дінімізді насихаттап, келімсек діни идеялардан сақтандыруда әрі ұлт руханиятын жандандыруда зиялы қауыммен етене іске кіріскен Абай елінің имамдарына ризашылығым зор, – деп лебіз білдірді.
Жергілікті өлкетанушылар да сөз алып, қала аумағындағы қуғын-сүргін құрбандары жазаланған тарихи маңызы бар орындарды анықтап, ескерткіш-белгі орнату жайлы түрлі ұсыныс-пікірлерін білдіріп жатты.
Аталмыш шараның соңында облыстық Ақсақалдар алқасының мүшесі, батагөй қария Кеңес Райымбеков бата беріп, ел іргесінің амандығын тіледі.
Пікір қалдыру