МҰСЫЛМАН ЗИРАТТАРЫН ТАЗАЛАУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Абай облысы «QАМQOR-SНARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен «Өткенге құрмет – тіріге міндет» тақырыбында облыс көлемінде зират басына тазалық жұмыстары жүргізілді. Игі шараға мешіттердің дін қызметкерлері мен ерікті жамағат қатысты.

Аталған бастама Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2023 жылғы айтулы шаралар жоспарына сәйкес еліміздің барлық аумағында өткізілді. Шараның негізгі мақсаты – дүниеде қадірлі болған мұсылман адамның қабірін аяқасты етпей, құрметпен қарау. Және бұл ізгі амалды өскелең ұрпаққа насихаттау. Ұйымдастырылған шараға Семей қалалық әкімшілігі қолдау білдіріп, тазалық жұмыстарына қажетті заттар және техникамен  қамтамасыз етті.

«Алла Тағала Құрандағы «Исра» сүресінің, 70-аятында: «Расында Адам баласын ардақтадық» деп, адамды тірі күнінде де, дүние салғаннан соң да құрметтеуге бұйырған. Асыл дініміз дүниеден қайтқан адамды соңғы сапарына жуындырып, арулап ақ матаға орап, хош иіс сеуіп, жаназасын оқып, құрметпен Жер ана қойнауына тапсырады және одан кейін де дүниеден өткен адамның ары мен абыройын құрметтеуге үндейді. Қайтыс болған адамның есеп-қисап болатын қияметке дейінгі уақытша мекені болған қабірлерді таза ұстау – баршамыз үшін қайырлы іс саналады», – дейді ұйымдастырушылар.