РАМАЗАН АЙЫНДА 1000 АДАМ ҚҰРАН ҮЙРЕНДІ

Рамазан айында Абай облысы бойынша 1000 адам Құранға түсті. Қасиетті айда мешіт жамағатына айналып, араб әліппесін үйренуден бастаған көпшілік Құран Кәрімді жүзінен оқи алатындай дәрежеге жетті. Сондай-ақ 500-ден астам адам намаз оқып үйренген. Бұл туралы облыстық Діни білім бөлімінің жетекшісі Ерлан Омаров мәлімдеді.

Құран ілімдері бойынша сауат ашуға келген шәкірттерге мұнымен қоса ғибадат, иман шарт, Пайғамбарлар өмірбаяны бойынша да дәрістер үздіксіз жүргізілді. Бөлім басшысының сөзінше, Рамазан айында облыс көлемінде ірі 9 іс-шара ұйымдастырылған. Атап айтқанда, «Намаз оқып үйренейік», «Рамазан – Құран айы» атауымен жамағат арасында Құран жарысы, «1 айда Құранға түс» балалар мен ересектерге арналған дәрісі, «Хатым Құран» жобасымен Құранның 1 парасын мешітте жамағатпен оқу сынды шаралар өткізілген.