ИСЛАМДЫ ҚАБЫЛДАҒАН СПОРТШЫНЫҢ ОҚИҒАСЫ

Осыдан 14 жыл бұрын ислам дінін қабылдаған жаңазеландиялық регбиші Сонни Билл Уильямс Twitter парақшасында алғашқы кезде қандай қиындықтарға тап болғаны туралы айтып берді. Оның сөзінше, денесіне салынған татуировкаға байланысты ыңғайсыз жағдайлар болған.

Соның бірі Дубайдағы бір мешітте орын алыпты. “Сол мешітке алғаш келгенімде денемдегі суреттер үшін имамдар маған бұл жерден кетуімді талап етті, – дейді ол. – Олардың айтқаны дұрыс. Алайда, олар түсіністік танытып, мені оңашаға алып шығып, татуировканың дұрыс еместігін түсіндірсе және денемді жауып жүруім керектігін айтса мен мешіттен көңіл күйім көтеріңкі болып қайтар едім. Бірақ мені қуып шыққаннан кейін жабырқап қайттым”.

Уильямс адамдардан исламды жаңа қабылдағандарға түсіністікпен қарауды сұрады.

“Бұл жағдай менің санамда жатталып қалды. Кейде жаңадан исламға келген адамдар қателік жасап, мұсылмандар оларды көпшіліктің көзінше кінәлаған кезде сол оқиға есіме түседі. Ешкім де қателіктен ада емес, сондықтан кінәлаудан бұрын түсіністік танытқанымыз абзал болар” деп жазды ол.

Расында исламда денеге татуировка салуға тыйым салынады. Алайда денесінде суреті бар адам кейін исламды қабылдаса, сол үшін оны жазғыруға болмайды.