ХАҚ ПЕН ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІН ЖАҢА МЕШІТ

Үржар ауданында жаңадан бой көтерген «Халық» мешітінің құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Жаңа мешіттің бас имамы қызметіне Нұрзат Итчанов тағайындалды. Нұрзат имам бұған дейін Семей қалалық “Төлеубек қажы” мешітінің бас имамы қызметін атқарған.

Аудан орталығында бой көтерген құлшылық үйінің құрылысы 2020 жылы бастау алған болатын. Халықтың береке-бірлігімен биыл қолдануға беріліп отыр. Жалпы мешітте бір мезетте 1200 адам иық тіресіп намаз оқи алады.

Ашылу салтанатына Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы, Үржар ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ақылбек Башимбаев және аудан халқы қатысты. Шара барысында мешіттің бой көтеруіне қолдау білдірген жергілікті кәсіпкер Азат Құрман аудан тұрғындарының арасынан бес адамға Ұмра кіші қажылығын орындауға жолдама тарту етті. Ал, тұрғындар ризашылығы ретінде Азат мырзаға шапан жауып, ат мінгізді.

Сонымен қатар, мерекелік шара аясында мешіттің хатымханасында Ас беріліп, ұлттық спорттық ойындардан әртүрлі жарыстар ұйымдастырылды.