БАС ИМАМ ҮРЖАР АУДАНЫНДА

Бүгін Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы Үржар ауданына арнайы іс-сапармен барды. Жоспарға сәйкес алдымен аудан-ауыл имамдарымен кездесіп, тұрғылықты жердің діни хал-ахуалын білді. Кейін жиналған дін қызметкерлеріне “Діни экстремизмнің алдын алу: теориясы мен практикасы” атты семинар өткізді.

“Жат ағым бактерия, вирус сияқты. Қай жерде әлсіздік болса, қай жерде сақтану, алдын алу шарасы болмаса, сол жерде өркен жаяды. Сондықтан да, әрбір азамат өзі дұрыс діни ақпараттармен өзінің имани иммунитетін күшейтіп, өзіне рухани сүзгі қалыптастырса, дінді сенімді қайнарлардан үйреніп, дұрыс ақпараттармен сусындаса, одан сақтануға болады.

Дін өз бетімен үйренетін құндылық емес. Бұл сөзіміз дін қолжетімсіз дүние дегенді білдірмейді. Керісінше, мешіттерден, арнайы ұстаздардан үйренсе – дін жеңіл болумен қатар, сенімді құндылыққа айналады. Осы жолда аянбай қызмет етуіміз қажет”, – деді сөзінде Асқар Әбітайұлы.

Семинардың соңында қатысушылар сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын ала алды.