ІБІЛІСКЕ ІЛЕСКЕН – АДАМДЫҚТАН АЛЫСТАЙДЫ

Күні кеше Үржар ауданына арнайы іс-сапармен барған Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы аудан тұрғындарымен кездесті. “Құмар ойын құрдымға құлатады” атты тақырыпта өткен кездесуге Үржар ауданы әкімінің орынбасары Біржан Тұрлыбеков, психолог мамандар мен құзырлы мекеме қызметкерлері де қатысты.

“Харам етілген ойынға қызығушылық танытқан адам бастапқыда өзін тыймаса, соңы өкінішке апарып соқтырады. Өйткені харам жолмен табылған дүниеде береке болмайды. Отбасын сол ақшамен асырамақ болса, отбасы мүшелеріне жұмсалған дүниеден пайдаланған әрбір әрекет үшін күнә жазылады. Бұл туралы Құран Кәрімнің «Мәида» сүресінің 90-91-аяттарында былай деген: «Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қалдыруды қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?»
Жоғарыдағы аятта «Құмар ойындар шайтанның лас істерінен» делінген. Құран Кәрімде құмар ойындар мас ететін ішімдіктермен бір қатарға қойылып, олардың адамға, отбасына, қоғамға және моральға тигізетін кесірі бірдей екені көрсетілген. Сондықтан, шариғат адамға зиян келтіретін ойындардың бәріне тыйым салады. Құмар ойындарына – ақша тігіліп ойналатын кез-келген ойын түрін жатқызуға болады. Еңбексіз әрі пайызбен табылған ақша халал болып есептелмейді”, – деді Асқар Мұқанов.

Кейін кездесу сұрақ-жауап форматына ауысып, жиналған жастар қауымы көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алды.