АЯГӨЗДЕ МӘУЛІТ МЕРЕКЕСІ ӨТКІЗІЛДІ

Абай облысы Аягөз қалалық мешіті жанынан құрылған «Әйелдер – қыздар» секторы мүшелері ұйымдастыруымен «Пайғамбарға сағыныш» атты Мәуліт мерекесі өткізілді. Кешке алғы сөз алған мешіттің бас имамы Алмас Айткәрімұлы қасиетті аймен құттықтап, игілікті істің жақсы өтуін тіледі.

Мәуліт кеші барысында Алла елшісінің Мәдина қаласына келгендегі оқиғасы бейнебаян ретінде қосылып, шәкірттер Пайғамбарды(с.ғ.с) ансарлардың қарсы алу кезіндегі әуенін шырқады. Кейін Алла сөзі Құран Кәрім оқылып, екі дүние сардары Алла елшісінің өмірінен ғибартты оқиғалар мен әйелдері жайлы баяндалды.

Сондай-ақ, шәкірттер «Менің сүйікті Пайғамбарым» атты арналған бұрышта сұраққа жауап беріп, салауатпен мереке көркін аша түсті. Шәкірттердің өз қолдарымен жасап әкелген «Пайғамбарға сағыныш» бұйымдарға баға беріліп, қатысушыларға сыйлықтар табысталды. Ізгілікке толы мереке соңы қоштасу құтпасымен аяқталды.