МЕШІТ ЖАМАҒАТЫ АРАСЫНДА ВОЛЕЙБОЛДАН ТУРНИР ӨТТІ

ҚМДБ  Абай облысы өкілдігі Ұлттық мереке – Республика күніне орай мешіт жамағаты арасында волейболдан жарыс ұйымдастырды.

Тартысты дода “Жақсылық Үшкемпіров” атындағы спорт академиясында өткізілді. Қала және аудандардан жиналған қатысушыларды қосқанда жалпы жиыны он үш команда бақ сынасты. Дін қызметкерлері мен мешіт жамағатының ойын алаңында бірігуі өзара ынтымақтастықты, сенімді арттыра түскендей.

«Спорттың ислам дінінде алар орны ерекше. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлем болсын) «Күшті мұсылман әлсіз мұсылманнан абзалырақ» деген. Сондықтан бүгінгідей ойынның баршамызға берер сауабы мол деп ойлаймын. Алдағы уақытта спорттық сайыстарды жиі ұйымдастырып тұруға тырысамыз!» –  деді сөзінде Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы.

Он бір сағатқа созылған жарыс нәтижесіне сай, топ жарып бірінші орынды “Төлеубек қажы” мешіті иеленсе, екінші орын “Төкеш” мешітіне бұйырды. Ал, үшінші орынды Абай ауданының “Құнанбай қажы” мешіті қанжығасына байлады. Жүлделі болған командаларға кубок пен ақшалай сыйлықтар табысталды. Сайыстың жоғары деңгейде өтуіне жағдай жасаған Қайрат Құнсин мен Әсет Қалметұлына демеушілік танытып, қолдау білдіргендері үшін бас имам атынан алғыс хат беріліп, қатысушылар ризашылықтарын жеткізді.