ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ ТАҒЫ БІР ЖАҢА МЕШІТ

Таяуда Шар қаласының қала статусын алғанына 60 жыл толу мерекесіне орай жаңа мешіт халық игілігіне берілді. Құлшылық үйінің ашылу салтанатына Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы, Жарма ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров, қоғам қайраткерлері мен жергілікті тұрғындар жиналды.

Қаланың жаңа орталық мешітінің ашылуына арнайы қатысқан Асқар Мұқанов, мешіттің бой көтеруіне қаржылай көмек көрсеткен кәсіпкер Қайрат Ғабдұлқұмарұлына және құрылыс жұмыстарына ат салысқан азаматтарға алғысын білдірді. Жаңа мешіт имамдар бөлмесі, ерлерге арналған үлкен залдан және әйелдерге арналған бөлмеден тұрады. Дәретханасы да қарастырылған. Жалпы Алла үйінде 200-ге жуық жан иық тіресіп намаз оқи алады.

Айта кетейік, Шар қаласының орталық мешіті саналған жаңа мешіттің бас имамы болып Мұқаш Бүркітбаев тағайындалды. Мұқаш имам бұған дейін Семей қалалық «Төлеубек қажы» мешітінде қызмет атқарған болатын.

Мешіттің салтанатты ашылуынан кейін жиналған жамағат жұма намазын оқыды. Кейін мешіт ауласында тігілген киіз үйде ас берілді.