ҰЛТТЫҚ НАҚЫШТА ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТКІЗІЛДІ

Қасиетті жұма қарсаңында Абай облысы “Әйел-қыздар” секторының ұйымдастыруымен ұлттық нақышта қайырымдылық жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкеге “РУХ САНА” академиясы мен қалалық мектептер өз үлестерін қосты.

Көрмеге ақын жазушыларымыздың кітаптары, қазақ оюымен өрнектелген құрақ көрпелер, әр түрлі әшекей тастан, ағаштан ойылып жасалған бұйымдар мен кестеленген ерекше үлгідегі сөмкелер қойылды. Көздің жауын алатын бұйымдар көпшіліктің қызығушылығын тудырып, қол өнер шеберлігіне таңданыстарын білдіріп жатты. Ұйымдастырушылар жәрмеңкеден түскен қаржының түгелдей қайырымдылыққа жұмсалатынын мәлімдеді.

Сонымен қатар, орталық мешіт алаңында  “Халал Даму” орталығының өңірлік филиалы да халал өнімдердің жәрмеңкесін өткізіп, жамағатқа адал асты тұтынуды ұсынды.