Көп балалы анаға Підия садақасы берілді

Алла Тағала Құран Кәрімде «Парыз ораза санаулы әрі белгілі күндерде ғана өтеледі. Араларыңнан әлдекім ауырып қалып немесе сапарда жүріп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын. Ораза ұстауға шамасы әзер жететіндер (яғни, қарттар және созылмалы дертке шалдыққан науқастар қаза болған әр күнге) підия ретінде бір жарлының (бір күндік екі мезгіл) тамағын (немесе соның құнын ақшалай) беруі керек», – деген (Бақара сүресі, 184-аят).

Осы аятты негізге алған шариғатымыз туберкулез, қатерлі ісік, қант диабеті, асқазан жарасы (язва), тыныс және жүрек демікпесі (астма) секілді сауығуына күдер үзген ауруға шалдыққан науқастар және жасы үлкен егде адамдар ауыз бекітуге шамасы келмесе, ораза ұстамауына рұқсат береді. Оның орнына підия садақасын береді, яғни, әр күні үшін бір мұқтаж адамды екі уақыт тамақтандырады.

Підия садақасының биылғы мөлшері 3400 (үш мың төрт жүз) теңге болып бекітілді. Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын береді[1].

Осы орайда, Абай облыстық орталық мешітіне осы күнге дейін оразасын қаза қылмай келе жатқанымен, биылғы жылы жасы қартайып, әрі, бірнеше мәрте ота жасатқандықтан, дәрігерлер ораза ұстауға рұқсат бермеген әжеміз фидия садақасын әкеліп табыстады.

Абай облысы бойынша «Зекет және қайырымдылық» қорының жауапты өкілі Рашид Жамалбекұлы әжемізден аманат ретінде қабылдаған 75 мың теңге мөлшеріндегі підия садақасын 4 балалы, жалғызбасты анаға табыстады.

[1] https://www.muftyat.kz/kk/articles/ramazan-dristeri/2024-03-04/44209-ptr—mtazhdyi-uantatyin-sadaa/