Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Діни оңалту бөлімінің ұйымдастыруымен «Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі теологиялық жұмыстардың ерекшеліктері мен тиімді әдіс-тәсілдері» тақырыбында кәсіби біліктілікті арттыруға арналған семинар өтті.
Оқу-семинарына қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде қызмет атқарып жүрген ҚМДБ-ның діни оңалту бағытына жауапты Абай облысының имамдары да қатысып, біліктіліктерін арттырып қайтты.
Республикалық семинар аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы баяндама жасады.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау – негізгі міндетіміздің бірі. Бұл баршамыз жұмылып атқаратын жұмыс болуы керек. Осы істе Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы айрықша рөл атқарады. Мүфтият қоғамдағы тұрақтылық пен татулықты нығайтуға зор үлес қосып келеді», – деп, мүфтияттың жұмысына жоғары баға берген болатын.
Бұл ретте жат діни ағыммен күресудің өзекті екенін көреміз. Расында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы алғаш құрылған сәттен бастап түрлі деструктивті ағымдарға байланысты жүйелі жұмыс істеп келеді. Алдымызға қойылған негізгі мақсат – деструктивті ағым идеологиясына тойтарыс беру және түзу жолдан тайған бауырларымызды дәстүрлі дін түсінігіне қайтару», – деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сонымен қатар, аталмыш семинарла Ерсін Әміре, Азамат Жамашев сынды елімізге танымал дін ғалымдары дәріс оқыса, ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің мамандары практикалық дәрістер жүргізіп, жергілікті мамандардың сауалдарына жауап берді.
Сондай-ақ, семинар аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Діни оңалту бөлімінің маманы Ислам Маратұлының «Таухид – бір бүтін сенім» атты еңбегінің танытымы өтті. Қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген бұл кітап ҚМДБ-ның «Muftyat» баспасынан басылып шықты.
Айта кетейік, жаңа кітап дін қызметкерлеріне, дінтанушыларға және жалпы оқырман қауымға арналған.




























Пікір қалдыру