Семей қаласында «Абайға құрмет» акциясы аясында алғашқы нысанның құрылысы басталды.
Семей қаласының солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан жаңа «Semey Smart City» ықшам ауданында 5000 адамға арналған мешіттің құрылысы бастау алды. Ғибадат орны қоғамдық қордың қаражаты есебінен салынады. Құрылысы 2028 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.
Мешіт «Semey Smart City» ықшам ауданындағы ең ірі әрі сәулеттік келбеті ерекше нысандардың бірі болмақ. Мұнда бір мезетте 5000 адам құлшылық ете алады. Үлкен қатымхана да қарастырылған.
Аймақ басшысы құрылыс басында мешіттің облыс аумағындағы ең ірі ғибадат орны болатынын атап өтті.
«Архитектуралық сәулеті келіскен, ерекше мешіт салынайын деп тұр. Абай елі, Семей жұрты көптен күткен мұндай ауқымды мешіт облысымызда ғана емес, осы төңіректе жоқ. Халыққа тек рухани ғана емес, мәдени қызмет көрсететін орталық болады. Абайдың 180 жылдық мерейтойы аясындағы мұсылман жамағаттың бірлескен жобасы деп айтуға болады. Бұл мешіт Алаштың рухани астанасына өте қажет. Осындай қолы ашық, жомарт жандардың демеушілігімен салынғалы жатыр. «Абайға құрмет» акциясы аясындағы алғашқы үлкен жоба болайын деп тұр», – деді облыс әкімі.

























Пікір қалдыру