ҚМДБ Абай облысы өкілдігі, Жастар секторының ұйымдастыруымен, Абай Құнанбайұлы атындағы орталық мешітте жамағаттар мен шәкірттер арасында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдық мерейтойына орай Құранның 30-шы парасын жатқа оқу бойынша жарыс өтті.
Білім сайысына Абай облысы мешіттерінің жанында сауат ашу курсында тәлім алып жүрген 20 шәкірт қатысты. Жиынның алғы сөзін Абай Құнанбайұлы мешітінің наиб имамы Ерлан Омаров бастап, қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың маңыздылығын атап өтті. Ол өз сөзінде Құранды жаттау мен оны жүректе сақтау – мұсылман үшін үлкен сауапты іс екенін айтып, жастарды осы бағытта талмай ізденуге шақырды.
Құран сайысына төрелік етіп Абай облыстық орталық мешітінің ұстазы Ералы қари Нугуман, Хәкім Хазірет мешітінің бас имамы Байбатыр қари Шыңғысбекұлы және Қосмұнаралы мешітінің ұстазы Айқын Бейсенбайұлы әділқазы болды.
Жарыс барысында қатысушылар Құран аяттарын көркем дауыспен және дұрыс тәджуидпен жатқа оқу арқылы өз шеберліктерін көрсетті. Әділ қазылар әділ бағасын беріп, үздік шәкірттерді анықтады.
Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды Абдуллаһ Серікұлы жеңіп алып, 100 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. 2-орынды Мағауия Нұрсұлтан иеленіп, қаржылай 70 мың теңге табысталса, 3-орынды Ермахан Маратұлы иеленіп, қаржылай 50 мың теңгені өз қанжығасына байлады.
Сонымен қатар, жамағаттың ыстық ықыласына бөленген, сайыстың ең жас қатысушысы Абдулхафиз Талғатұлы “Көрермен көзайымы” номинациясын иеленді.
Жарыс соңында Абай Құнанбайұлы мешітінің наиб имамы Ерлан Досымұлы сайысқа қатысушыларға өз алғысын айта отырып, Құран жарысы тек сайыс емес, жүректерді нұрландыратын рухани мектеп екендігін, осындай игі шара арқылы жастарымыз Құранға жақындай түсетіндігін, имандылық пен ізеттілікке бет бұратындығын атап өтті.






























Пікір қалдыру