АБАЙ ОБЛЫСЫ: ҮРЖАРЛЫҚ МЕШІТ ТАЗАЛЫҚШЫСЫ “МҮФТИЯТ ҮЗДІГІ – 2025” АТАНДЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қорытынды Төралқа мәжілісі барысында «Мүфтият үздігі – 2025» номинациясымен марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шараға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, номинация иегерлерін марапаттады.

«Бүгінгі мерейтой – Діни басқарманың ғана емес, күллі мұсылман жамағатының ортақ қуанышы. Бұл – имандылықтың, ізгіліктің, ел бірлігінің мерекесі. Алла Тағала осы қара шаңырақтың іргесін берік, өрісін кең етсін! Барша дін қызметкерлеріне, осы жолда еңбек етіп жүрген әріптестерге Алла разы болсын! Бүгін «Мүфтият үздігі» атанып жатқан барша бауырларымды, әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын. Бұл – жылдар бойы жасаған жұмыстарыңыздың жемісі деп санаймын. Ең бастысы Алланың марапатына ие болуды жазғай. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!Алла Тағала Діни басқарманың қызметіне береке беріп, халқымыздың рухани дамуына мол игілік нәсіп етсін! Әумин!», – деді ҚМДБ Төрағасы.

Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдық мерейтойына орай 35 номинациясы бойынша үздіктер марапатталды. Солардың қатарында Үржар ауданында 27 жыл тазалықшы қызметін атқарып келе жатқан – Төлеуқызы Айжан «Үздік мешіт тазалықшысы» номинациясымен марапатталып, Бас мүфтидің қолынан алғыс хат пен арнайы сыйлыққа ие болды.