Абай облысы аумағында ауа-райының күрт өзгеріп, аязды күндер басталуы себепті облыс мешіттері мен Зекет және қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен “Тегін такси” акциясы өтуде. Игі шараға мешіт имамдары мен ерікті жамағаттар ат салысып, аялдамада тұрған халықты үйлеріне тегін жеткізіп салып жатыр.
Абай облысының Бас имамы Асқар қажы Әбітайұлы бұл игі шараның мақсаты халық арасындағы бауырмашылық пен береке-бірлікті арттыру екенін атап өтіп, барша көлігі бар жандарды мүмкіндіктеріне қарай осынау ізгі іске үлес қосуға шақырды.
Тегін такси акциясына қатысушы ерікті азаматтар жыл сайын өткізіліп келе жатқан мұндай сауапты іске ат салысуға әрқашан әзір екендерін жеткізді.
Өз кезегінде “Тегін такси” қызметін көрген тұрғындар риясыз көңілдерімен алғыстарын білдіріп, “Алла разы болсын” айтып жатты.
Айта кетейік, бұл игі акция аяздың беті қайтқанша жалғасады. Алла халқымызға береке-бірлік бергей.

























Пікір қалдыру