Айт – шүкіршілік мерекесі. Абай облысы бойынша барлық мешіттерде Құрбан айт мерекесі ерекше, ұлттық нақышта аталып өтті. Жамағаттарға уағыз айтылып, еліміздің амандығы үшін дұға жасалды. Ислам шарттарына сәйкес, айттың бірінші күнінде облысымыздағы барлық мешіттерде айт намазы оқылды. Айт намазына қатысу үшін таңмен таласа мешіттерге келген халық қарасы мол болды. Абай Құнанбайұлы атындағы мешітке келушілердің саны жылдағыдан көп болды.
Сонымен қатар, айт намазына келген жамағаттар үшін ұлттық ойындардан жарыс өткізілді. Атап айтқанда ләңгі тебу, арқан тартыс, серке көтеру сайыстары өтіп, жамағаттар бақ сынасты. Жеңімпаздарымызға диплом мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Құрбан айт – барша мұсылман қауымына ортақ ұлық мерекенің бірі. Алыс-жақын ағайын береке-бірлікті нығайтып, бір-біріне ізгі ниеттерін жеткізді. Айт дәстүр бойынша 3 күнге жалғасады. Халықты бірлікке, ынтымақ пен татулыққа шақыратын Құрбан айт баршамызға мүбәрәк болсын!


























Пікір қалдыру