ЖИДЕБАЙҒА ТАҒЫЛЫМДЫ САПАР

Абай облысына арнайы келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Динара Құтқожақызы, Алматы қаласы Әйел-қыздар секторының жетекшісі Гүлмира Ілесбайқызы, Павлодар облысы Әйел-қыздар секторының жетекшісі Тұрғынбай Акерке, Шығыс Қазақстан облысы Әйел-қыздар секторының жетекшісі Айзат Аскарбекқызы және Абай облысы Әйел-қыздар секторының жетекшісі Данагүл Төлегенқызы мен мешіт ұстаздары, сондай-ақ, Абай елінің ардақты әжелері қазақтың ұлы ойшылы, хакім Абайдың қасиетті мекені — Жидебайға рухани тағылымы мол сапар жасады.
Қасиетті мекенге ат басын тіреген қонақтар Абай, Шәкәрім, Зере, Ұлжан сынды халқымыздың біртуар тұлғаларының рухына Құран бағыштап, дұға жасады. Сондай-ақ Жидебайдағы тарихи орындарды аралап, ұлы тұлғалардың өмірі мен өнегесіне үңілді.
Бұл сапар — өткенге тағзым етіп қана қоймай, ұрпақ тәрбиесіне өнеге болар рухани құндылықтарды дәріптеуге арналған тағылымды жүздесу болды.