Еліміздің барлық мешіттерінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) туылған Рабиул әуәл айының құрметіне Алла елшісін халыққа жақынырақ танытатын Мәуліт кештері аталып өтуде.
Сондай кештің бірі ҚМДБ – ның насихат және қоғаммен байланыс бөлімі Семей өңірі бойынша әйел қыздар секторының ұйымдастыруымен Тыныбай мешітінде Мәуліт аталып өтті. Көп балалы отбасылар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қонаққа шақырылып, оларға тәрбиелік мәні бар бағдарлама ұсынылды. Іс-шара мақсаты балалар мен келген қонақтарға дінімізді насихаттап, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірінен үлгілі өнеге көрсету.
Іс-шараны Тыныбай мешітінің бас имамы Біржан Аманжолұлы Құран бағыштап, Мәуліттің ерекшеліктері мен маңызы жайлы уағыз айтып бастады. Бағдарлама барысында сауат ашу курсының шәкірттері Пайғамбарымыздың (с.у.а) өмір дастаны Мәуліт оқып, уақытты пайдалы өткізу жайында өлең жолдарын оқып, Алланың көркем есімдерін баяндады. Шәкірттердің орындауында «Мейірімділіктің қасиеті» атты көрініс қойылды.
Қонаққа келген отбасылар мен балаларға қайырымдылық жәрменкесінен түскен қаражатқа азық- түлік, киім және әр түрлі сыйлықтар таратылды. Балаларға алған іліміне пайдалы амал істеу ниетімен күнделікті өмірде қолданатын дұғалар жинағы үлестірілді. Келесі кездескенге дейін жаттап күнде оқып жүрсін деп тапсырма берілді. Келген қонақтар шәкірт апаларымыздың жайған дастарханынан дәм татып қайтты.
Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.