Ұлық имам – Имам Ағзам Әбу Ханифа 3

ӘБСАТТАР ҚАЖЫ ДЕРБІСӘЛІ,
ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫНЫҢ
ТӨРАҒАСЫ, БАС МҮФТИ

Әбу Ханифаның шәкірттері

Әбу Ханифаның жолын жалғастырып, фиқһ мәселелерін толықтырған, әрі дамытқан шәкірттері: Имам Зуфар ибн Һузайл(727–774), Имам Әбу Йусуф (730–798) және Имам Мұхаммед ибн Хасан (748–804) еді. Олардың қатарына аты белгілі Яхъя ибн Саид әл-Қаттан, Абдулла ибн Мүбәрак, Уақиъ әл-Жәррах, Язид ибн Һәрун, Абдураззақ ибн Һәмман, Дәуд Таий секілді ғұламаларды қосуға болады.

1.Исфахан қаласынан шыққан Имам Зуфар ибн Һузайл (р.а) Имам Ағзамның шәкірттерінің үлкені болатын. Оның толық аты – Әбу Һузәйл Зуфар ибн Һузәйл Қайс әл-Әнбарий әл-Басри. Әкесі һузәйл кезінде Басраның әкімі болған. Фиқһ ілімін имам Зуфар Әбу Ханифадан үйренді. Ұстазы оны: «Қиясты (салыстыруды) ең жақсы білетін шәкіртім –Зуфар»,–деп мақтайтын.

Әбу Омар (р.а.): «Зуфар ақылды, діндар, түсінігі мол, тақуа, хадисте аса сенімді еді»,-десе, Ибраһим ибн Сүлеймен (р.а.): «Біз Зуфармен бірге отырсақ арамыздан ешкімнің дүниауи сөз сөйлеуге батылы жетпейтін, ал біреу дүниауи сөз сөйлей қалса, ол кісі орнынан тұрып кететін»,- деп еске алады.
Әбу Ханифа дүниеден өткеннен кейін ұстазының дәріс алқасын осы Имам Зуфар басқарған.

2. Имам Әбу Йусуф (р.а) та Әбу Ханифаның ең озық шәкіртінің бірі еді. Оның толық аты-жөні Әбу Йусуф ибн Ибраһим ибн Хабиб ибн Саъд ибн Хәбта әл-Куфи, әл-Ансари. Бастапқы ілімін ол Куфада Имам Ағзам мен Әбу Ләйләдан алды. Сондай–ақ ол Малик ибн Әнас, Суфъян ибн Үәйнә, ибн Журәйж сияқты әйгілі ғұламалардан дәрістерін тыңдады. Әбу Йусуф мүжтаһид дәрежесіне жеткен білікті ғалым атанған.
Әбу Йусуф (р.а.) Әбу Ханифамен (р.а.) 17 жыл бірге болып, ұстазынан бір сәт ажырамаған. Имам Ағзамның (р.а.) дәрістерін ешқашан жібермеген. Тіпті бір перзенті шетінегенде жерлеу рәсіміне көршілері мен жақындарын жіберіп, өзі сабаққа келген екен.

Дәуд ибн Рушайд (р.а.) ол туралы: «Егер имам Әбу Ханифа (р.а.) Әбу Йусуфтан басқа шәкірт оқытпағанның өзінде, Әбу Йусуфтің (р.а.) жалғыз өзі ғана Әбу Ханифаға (р.а.) «шәкіртім» деп мақтану үшін жеткілікті еді»,- деген. Ал, Һиләл ибн Яхъя: «Әбу Йусуф (р.а.) тәпсір, ислам тарихы, исламға қатысты түрлі оқиғаларды (шайқастар, аяттардың түсу себептері) жатқа білетін. Шарғи мәселелерге білгір еді»,- дейді.

Әбу Йусуфтан (р.а.) Мұхаммед ибн Хасан әш-Шайбани, Ахмад ибн Ханбал (Ханбали мазһабының жетекшісі), Бишр ибн Уалид, Яхъя ибн Муъин және басқа көптеген танымал адамдар (р.а.) білім алды.
Һарун ар-Рашид заманында ол Бағдат қаласында қазы болды. Кейінірек бас қазы лауазымына дейін көтерілді. 798 жылы Бағдатта қайтыс болды.

3. Имам Мұхаммед (р.а) Әбу Ханифаның алғыр әрі зерек шәкірттерінің бірі еді. Толық аты–жөні – Әбу Абдулла Мұхаммед ибн әл-Хасан ибн Фарқад әш-Шәйбәни. Ол Уасит қаласында дүниеге келгенімен, көп уақыты Куфада өткен. 14 жасынан Имам Ағзамға шәкірт болды. 20–ға келгенде Куфаның орталық мешітінде шәкірттерге дәріс бере бастайды.
Сонымен қатар ол Әбу Йусуф, Суфъян ибн Үәйнә, Абдурахман әл-Әузәғи және Абдулла ибн Мүбәрактан дәріс алып, оқуын жалғастырды. Үш жылдан астам имам Мәліктің құзырында болып, одан 70 мыңнан артық хадис естіген деген де риуаят бар. Ол да Имам Ағзамның мүжтәһид дәрежесіне жеткен шәкірттерінің бірі.

796 жылы Һарун ар-Рашидтың бұйрығымен Хорасанның қазысы болып тағайындалды. Ол Ханафи мазһабының дамып, кең тарауына көп еңбек сіңірген.

Имам Мұхаммед өзінің терең іліміне сүйеніп көптеген қиын да ауыр мәселелер бойынша пәтуа жазды. Өзі де ұстазы сияқты көптеген шәкірттер тәрбиеледі, шәкірттерінің ең озықтары: Имам Шафиғи (Шафиғи мазһабының жетекшісі), Әбу Хафс әл-Кәбир; Мұхаммед ибн Сасаға; Яхъя ибн Майн; Ибн Миһран (р.а.) сияқты ұлық ғұламалар.
Имам Мұхаммед (р.а.) көптеген діни мәселелерге дәлелдер тапқан, оларды реттеп, жүйесін жасаған. Ахмад ибн Ханбал (р.а.): «Егер бір мәселе төңірегінде үш кісінің бірінің пікірі айтылса, оған қайшы келуге орын жоқ»,–деді. Мұны естігендер: «Олар кімдер?»–деп сұрап еді. Ол: «Әбу Ханифа, Әбу Йусуф және Мұхаммед ибн Хасан (р.а.)»,–деп жауап берген.

Қырықтан артық мүжтаһид ғалымдардың пікірлерін негізінде құрылған Әбу Ханифа мазһабы сол заманның көптеген ғұламалары тарапынан ілтипатпен қабылданды. Бұл мазһабтың дүниеге келуі мұсылманардың өзара ынтымағына мүмкіндік туғызды.

Имам Ағзам мазһабы мәслихатқа негізделіп құрылды. Сондықтан, оны Әбу Ханифаның жеке өз жолы ғана емес, жалпы мұсылмандар таңдаған шынайы Құран және сүннет жолы деу керек. Дегенмен, ол дінді насихаттау үшін көп ізденді, дінді танып-білу жолында тынымсыз еңбек етті. Ол бір мәселе туралы ғұламалармен кеңесіп, пікірлерін тыңдап, ойын айтып, бар мәселені талқылауға салатын. Әрбір мәселе үстінде ұзақ ойлап, терең зерттейтін. Әбу Ханифа өз пікірін нақты дәлелдермен анықтап беретін. Ғалымдар бір пікірге келіп, шешім қабылдағаннан кейін имам Әбу Йусуф хатқа түсіретін. Бұл мазһаб осылайша өзара мәслихат, кеңеспен дүниеге келді. Сондықтан да, бүкіл әлем мұсылмандары бұл мазһабтың дұрыстығын күмәнсіз мойындауда. Құран мен сүннетке негізделген бұл мазһаб көңілге қонымды әрі бейім.
Шейх Ахмад әл–Макки әл–Хорезми Әбу Ханифаның ілімін дүниенің түкпір–түкпіріне таратқан шәкірттерінің 730 дан астамы ислам әлеміне танылған ғұламалар еді деп еске алады.

Асад ибн Фурат (р.а.): «Қырық адам хатшылық қызметін атқарды. Бірінші ондық ішінен Әбу Йусуф, Зуфар ибн Һузайл, Дәуд әт-Тайи, Асад ибн Әмр, Йусуф ибн Халид әс-Самтий және отыз жыл бойы хатшылық жасаған Яхъя ибн Закарийа ибн Әбу Зайда»,-дейді. Олар бір мәселе жайлы таласып қалғанда, әркім өз ой-пікірін айтатын, соңында бәрі Әбу Ханифа тұжырымын сұрағанда, ол мәселенің анық жауабын беретін, кейде олар бір мәселе төңірегінде үш күндей пікір алысатын еді. Мәселе шешімін тапқаннан кейін барып, кітапқа түсіретін.

Имам Ағзам сексен үш мың мәселені хатқа түсіртті. Оның отыз үш мыңы ғибадатты қамтыса, қалғаны қоғамдық қарым–қатынастар туралы еді.

Үмәуйлер әкімшілігі мен Имам Ағзам арасындағы келіспеушілік салдарынан, ол бірнеше жыл Басра, Меккеде, Мәдина қалаларында тұрып, ол жердегі зиялы қауыммен қарым-қатынаста болып, олардан ілім үйренді, кейбір күрделі мәселелерді олармен ақылдаса отырып, талқылады.

Кейін Аббас әулеті билікке келіп, халифа Мансур Бағдатты жаңа халифаттың астанасына айналдыруды бастады. Халифа Әбу Ханифаны Куфадан арнайы шақыртып, қаланы жоспарлау мен құрылысына қатыстырады. Әбу Ханифа шаһар құрылысшыларын да басқарып, жемісті еңбек еткен.

Сөйтіп Әбу Ханифа өмірінің 52 жылын Үмәуйлер заманында, 18 жылын Аббасилер дәуірінде өткізді. Бұл екеуі де Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың әулетін аса қош көрмейтін. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ұрпақтары үнемі қуғынға ұшырады. Бұның басты себебі – биліктен айрылып қалмау еді. Имам Ағзам қашан да пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ұрпақтарының жанында болып, оларға қолдау көрсетіп отырды. Бұл – әділеттілікті жақтау мен пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншіліктен туғанды.

Әбу Ханифа екі ерекшелігі үшін ылғи да осы аталмыш билік иелерінен қорлық көрді. Бірде үмәуйлердің кезінде Ирақ әкімі Язид ибн Умар Әбу Ханифаның саидтерге (пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ұрпақтары) жақтасқанын біліп, шақырып алып, әдейі сынайды. Қазылық жұмысын ұсынады, көнбейді. Одан кейін мемлекеттегі әр түрлі лауазымды орындарға шақырады, бірақ Имам Ағзам бұлардың ешқайсысын да қабылдамайды. Ибн Хубайра Әбу Ханифаны қапасқа салып, қинайды. Әбу Ханифаның ауыр азаптан басы жарылып, ісіп кетеді. Қанша дүре соқса да, ол алған бетінен қайтпайды.
Оның лауазымды қызметтерді қабылдамауының бірнеше себептері бар–ды. Бірінші, ол мемлекетті басқаруда әділсіз болған үмәуйлерді қолдағанда, халық арасында дау туатын еді. Екінші, үмәуйлердің басқару жүйесі мен қоғамдық тәртіптері ислам ұстанымдарына қайшы болатын. Өйткені, жазықсыз жанның қанын төгу ханиф Исламға теріс іс-әрекет еді. Ал, әділеттілікті жасырып, өкіметтің қолтығына кіру Әбу Ханифа үшін елге жасалған нағыз зұлымдық саналды.
Аббасилер дәуірінде, шамалы 754 жылы халифа Әбу Жағфар (көбіне Мансұр деген атпен белгілі) Әбу Ханифаға қазылық жұмысын ұсынады. Ғалым қабылдамайды. Кейінірек халифа Мансұр бұл лауазымды тағы да ұсынады. Ол түрлі себеп айтып, келіспейді. Сонда халифа оған: «Өтірік айтпа!»–дегенде Әбу Ханифа: «Сен сонда өтірікшіні қалай қази етпексің?»–деген. Халифа ызаланып, оны қапасқа тастап, ел алдында күн сайын он рет қамшы ұруға және ол туралы жар салдыруға бұйырады. Қартайған шағында оны, сөйтіп, билік халық көзінше азапқа салады. Әбу Ханифаны билік тамақ бермей де аштан қинайды. Арада бес күн өткенде, яғни 767 жылы ол дүние салады. Оның жаназасы кезінде Бағдат қаласының көшелері халыққа толып кеткен деседі.

Түйін

Ұлық Имам – Имам Ағзам Әбу Ханифа қашан да ғұмыры мен бар мал-мүлкін Алла разылығы жолында жұмсап, келер ұрпаққа жақсы өнеге қалдырды. Ол қайтыс болғанда Ибн Жәриж қайғыға беріліп: «Қандай білім кетті! Қандай білім кетті!» – деп жылаған екен. Абай атамыздың: «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған?»–деген сөздері де осындай дара тұлғаларға арналған шығар.

Қазақстан халқының басым бөлігі Әбу Ханифа мазһабын ұстанады. Сондықтан қазіргі басты мақсат – халқымыздың имандылығын, рухани деңгейін өсіру үшін адамгершілікке тән қасиеттерге жетелейтін, әділдікті, шындықты, адалдықты уағыздайтын, елін, халқын сүюге тәрбиелейтін, басқа ұлт, басқа діндерге құрметпен қарайтын, ең жақсы әдеп–ғұрыптарды уағыздайтын ислам дінінің құндылықтарын сауаттылық әрі парасаттылықпен насихаттау.

Күні кешегі атеистік идеологияның уытынан әлі айыға алмаған бүгінгі қоғамда діни сауаттылық пен танымның жеткіліксіздігінен түрлі ағымдар мен топтар жетегінде кеткен кейбір қандастарымыздың аузынан: –Әбу Ханифа мазһабын ұстанудың қажеті қанша?–деген қыршаңқы сауал ішінара болса да естіліп қалады. Бұл сауалды қоюшыларға ең алдымен Әбу Ханифа мазһабының ерекшеліктері мен мән–маңызын тереңірек зерделеуге кеңес берер едік. Екіншіден олар бұл құқықтық мектепті ата–бабаларымыз неге ұстанған деп оның өміріміз бен қоғамымыздағы алар орны мен ролін бағамдауы ләзім. Осы мазһабты неге әлем мұсылмандарының жартысына жуығы ұстанады? Бірлік пен ынтымақ әрбір мұсылман үшін аса қымбат.

Олай болса Тәуелсіздігімізді одан әрі баянды ете түсу үшін де, халқымыздың діни бірлігі мен рухани ынтымағын сақтап қүшейту үшін Әбу Ханифа мазһабы қажет.

Егер Әбу Ханифа мазһабын ұстанбасақ, діни–рухани бірлік, тұтастықтан айрылып, арамызға діни алауыздық араласып, жік түседі. Діни амал жайлы бітпес дау, бірінің жағасынан бірі алу басталады. Менікі дұрыс дейтін топ–топқа бөлініп, ынтымақтан айрыламыз. Жақсы ғұрып пен әдет әдіра қалып, жақсы әдетке де қарсы шығуымыз көбейеді. Мұның арты мемлекеттің қауіпсіздігіне жол ашып, қасіретке душар етуі мүмкін.

Алла тағала ғибадаты мен ғибраты мол, жомарт, жұмсақ мінезді, тақуалы ұлы имамымыз Әбу Ханифаны рақымына бөлесін. Бүкіл дүние мұсылмандарының ынтымағы мен бірлігі нығайып, дау мен алауыздық жоғалсын. Әлемде тыныштық пен сыйластық орнықсын. Әмин!

* * *

– Түсіндің бе?- деді Сәлімгерей ұлына.
– Түсіндім әке,– деді Арман. Ата – бабаларымыз мың жылдан бері Ұлық имам – имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабын жайдан–жай ұстанып келмеген екен. Бір мазһабта болу, шындығында да елдің діни ауызбіршілігі, ынтымағы, шариғатқа қайшы келмейтін әдет-ғұрып, салт-санасын да тәрк етпеу екен ғой.
– Балам, мен саған өміріңе шамшырақ болар мына өсиеттерді де айтайын. Бұл өсиетті Имам Ағзам баласы Хаммадқа айтқан екен. Жақсылап тыңда:
«Балам! Аллаһ сені тура жолға бастап, әрқашан сенің жәрдемшің болсын,-деп дұға жасаумен бастады. Ұлым! Саған айтпақ әкелік насихатымды құлағыңа құйып, жадыңда сақтасаң бұл дүниеде де, ақыретте де бақытқа кенелерсің,-деп тізбектей жөнелді.

1. Аллаһтан қорқып, он екі мүшеңді күнәдан тиып, Жаратушымыздың бұйрықтарын толығымен орында.
2. Қажетіңе жарар ілімді үйренуде талабың қайтпасын.
3. Дініңе және өмірлік тұрмысыңа зияны тимейтін кісілермен ғана қарым-қатынаста бол.
4. Керегіңнен тыс нәрселерден нәпсіңді тый.
5. Мұсылманға да, зиммиге (мұсылман елінде тұратын өзге дін өкілі) де өктемдік көрсетпе.
6. Аллаһ берген ризық-несібеңе қанағат ет.
7. Өзгеге мұқтаж болмау үшін барыңды дұрыс пайдалан.
8. Адамдар саған жеккөріп қарайтындай іс жасама.
9. Қажетіңнен артық дүниеге беріліп кетуден сақтан.
10. Кісіге жолыққанда сөзіңді сәлеммен баста. Сөзің көркем, мәмілең кішіпейіл болсын. Жақсыларға жағымды, ал жаман кісімен мәмілелі қатынаста бол.
11. Аллаһқа көп зікір, пайғамбарымызға (с.ғ.с.) сансыз салауат айт.
12. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан мына истиғфар дұғасын үнемі айтып жүр: «Аллаһумма анта Рабби, ла иләһа илла анта. Халақтани уа ана абдука, уа ана ала аһдика уа уағдика ма истатағту. Ағузу бика мин шарри ма санағту, абу лака би ниғматика алайа, абу би замби. Фағфирли фа иннаһу ла яғфиру зунуба илла Анта» мағынасы: «Жаратқан Ием, Сен менің Раббымсың, Сенен өзге тәңір жоқ. Сен мені жараттың, мен Сенің құлыңмын. Сенің уәдеңе барынша лайық болуға тырысамын. Өзім жасаған жаман істерімнен Сенен пана сұраймын. Сенің құзырыңа Өзің берген нығметіңнің жауапкершілігі мен жасаған күнәмді арқалап барамын. Күнәмді кешіре гөр. Күнәларды тек Сен кешіресің». Осы ұлы истиғфарды түнде оқып жатқан пенде сол кеште кенеттен дүниеден көз жұмса пейішке кіреді. Сол сияқты таңертең оқып күндіз қайтыс болса да пейішке кіреді.

13. Әр күні Құран оқуды әдет ет, оқыған Құраныңның сауабын Пайғамбарымызға (с.ғ.с.), ата-анаңа, ұстаздарың мен барша мұсылмандарға бағышта.

14. Дұшпаннан гөрі досыңнан сақтан. Өйткені адамдар арасында бұзықтық көбейген сәтте дұшпаның досыңды пайдалануы мүмкін.
15. Сырыңды, дүниеңді, ұстанған жолың мен барар жеріңді құпия сақта.
16. Көршілік ақысына дұрыс қара және көршіңнен келер келеңсіздіктерге сабырлық таныт.
17. Әһли сунна уал жамағат жолына берік бол, адасқандар мен надандардың маңына жолама.
18. Барлық ісіңде ықласты бол. Қандай жағдай болса да адал ризық табуға бар күш-жігеріңді сал.
19. 500 хадис ішінен таңдап алған мына 5 хадиске амал ет:
• Расында амалдар ниетке сай. Әр адамның ниетіне қарай ісі болмақ…
• Кісінің шынайы мұсылмандылығы өзгенің ісіне килікпеу.
• Өзіңе тілегенді өзгеге де тілемейінше кәміл иманға жетпейсің.
• «Халал да, харам да ашық айтылған. Алайда олардың арасында күмәнді нәрселер де бар. Көпшілік оны біле бермейді.

Одан бойын аулақ ұстаған пенде діні мен абыройын қорғайды. Күмәнді істерден сақтанбаған кісі харамға өтіп кетуі айдан анық. Мұндай кісі рұқсат етілмеген қорық маңында малын жайып жүрген шопан іспетті. Яғни кез-келген сәтте оның малы қорыққа өтіп кетуі мүмкін. Барлық патшалардың тиым салған үкімдері болғаны сияқты Аллаһтың да тиым салған үкімдері бар. Ол Аллаһтың харам еткен істері. Денеде бір кесек ет бар ол аман болса дене де аман, ал сырқаттанса дене де сырқат. Ол – жүрек».

• Кісіге сөзімен де, ісімен де зиян тигізбейтін мұсылман шынайы мұсылман.
20. Денің сау, басың аман күндерде де үнемі қорқу мен үміт арасында жүр. Аллаһ тағала жайлы ойың жақсы, ниетің шынайы, ізгі үмітпен дүние сал»-депті. Міне Имам Ағзам Әбу Ханифа ұлына осыны өсиет еткен екен. Сәлімгерей баласымен болған ұзақ та қызық әңгімесін аяқтады.
Алаулаған күн қып-қызыл боп Қызыл теңізге батты. Мекке шамдарын жақты. Айнала нұр жамыла бастады. Ақшам намазының азаны шақырылып қойған. Сәлімгерей баласын ертіп бас мешітке асығып барады. Ғибадатта өзіне, отбасына ғана емес, тәуелсіз отанына, халқына Жаратушы иемізден тілек тілемек. Алла тағала тілегін ләйім қабыл етсін!

Әдебиеттер:
1. Жұнайд Бағдәди, «Тазкират ул-әулия», Ташкент, 1997
2. Имам Абу Ханифа ан-Нуъман. Алматы, 2005
3. Йусуф Тауасли, «Хикматлар хазинасы», Ташкент, 2003
4. Мухаммад Али әл-Қутб. Основатели четырех мазхабов. М.-Санкт-Петербург, «Диля», 2005

Ақпарат көзі: http://muftyat.kz/755-1200ly1179-imam-imam-a1171zam-1240bu-khanifa-3.html