Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы айларға ерекше көңіл бөлетін, оны қалай өткізу керектігі жөнінде сахабаларға кеңес айтып отыратын. Сондай-ақ Ережеп айы басталған кезде: «Уа, Алла! Ережеп және шағбан айларында бізге береке бер, бізді Рамазан айына жеткізе гөр!» – деп дұға оқитын (Бәйһақи).
Ережеп айының мұсылмандар үшін орны бөлек. Оның бірнеше себебі бар.
- «Ражаб» сөзі ұлықтау, құрметтеу деген мағынаны білдіреді. Араб халқы ислам діні келмей тұрып бұл айды ерекше қадірлеген. Тіпті осы уақытта жылдап жалғасып келе жатқан соғыстар, араздықтар тоқтаған. Ережеп айы – Алла Тағаланың соғысуға, қан төгуге тыйым салған (зұлқағда, зұлхижжа, мұхаррам, ражаб) айларының бірі.
- Ережеп айында елеулі тарихи оқиғалар өткен. Мысалы, жер бетін су басқанда Нұх пайғамбар кемеге мінген, Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарға алғашқы уахи түсе бастаған, Миғражға (көкке) көтерілген.
- Ережеп – берекелі әрі ұлық ай. Ондағы аз ғана ізгі іске көптеген сауаптар беріледі, құлшылықтар мен дұғалар қабыл болады. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бес түн бар, онда дұғалар кері қайтарылмайды. Олар – Ережеп айының алғашқы түні, Шағбан айының жартысындағы түн, жұма түні, Ораза және Құрбан айт түндері»,– деген (Ибн Асакир).
- Ережеп айының алғашқы жұмасында Рағайып намазын оқу туралы келген хадисті кейбір ғалымдар негізсіз деп айтқан. Дегенмен Алла елшісі Ережеп айында көп истиғфар айтуға (кешірім тілеуге) үндеген.
- Бір адам Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Біз жаһилиятта Ережеп айында (осы айдың құрметіне) құрбан шалатын едік. Енді бізге не бұйырасыз?» – деп сұрады. Алла елшісі: «Алланың жолында қайсы айда болса да құрбандық шала беріңдер. Алла үшін жақсылық жасаңдар. Тамақтандырыңдар»,– деді (Әбу Дәуіт). Сондықтан бұл айда қайырымдылық істермен де айналысуды ұмытпаған жөн.
- Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ережеп айында ораза тұтатын. Жәннатта суы сүттен ақ, балдан тәтті және мұздан салқын бір жұмақ өзен бар. Ол Ережеп деп аталады. Бұл мөлдір бұлақтан тек Ережеп айында ораза ұстағандар ғана ішеді. Алайда бұл айда ораза тұту, тұтпау әркімнің өз еркі болуы тиіс.
- Ережеп желге, Шағбан бұлтқа, Рамазан жаңбырға ұқсайды. Ережеп айында дән егілмесе, Шағбан айында суарылмаса, Рамазан айында одан қандай егін күтуге болады. Сол себепті бұл айды барынша пайдалы өткізіп, ғибадат жасап, дұға етіп, араздасқандар бір-бірімен жарасып, татуласуы керек. Қысқасы Рамазан айына деген рухани дайындықты осы айдан бастаған ұтымды болмақ.
Биыл Ережеп айы 13 ақпан күні басталады. Алла Тағала дұғамыз бен ғибадатымызды қабыл етіп, қасиетті айдың шарапаты мен берекесін нәсіп еткей!
Хасан АМАНҚҰЛ
«Мұнара» газеті, №3, 2020 жыл
Пікір қалдыру