ҚҰРБАН АЙТ – ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ

Зұлхиджа айының 10 жұлдызы күні басталатын  Құрбан айт  мерекесі Ислам әлемі үшін тұғырлы да ерекше мүбәрак   мейрам.  Құрбандық шалу -сонау Адам атадан (ғ.с.) бастау алып, Ибраһим пайғамбар (ғ.с.) -тың   жолы болып қалыптасқан  және Мұхаммед пайғамбардан жалғасын тапқан ұлы ғибадат.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Құрбан шалыңдар! Өйткені, ол Ибраһим бабаларыңның сүннеті»- деген еді. Ибраһим пайғамбар Аллаға берген  антына адалдық танытып, бауыр еті баласы Исмайлды құрбан етуге дайын екендігін дәлелдеп, сыннан сүрінбей өткен еді. Бүгінгі мұсылман қауымының  Алла ризашылығы үшін құрбан шалуы сол ғибратты оқиғаға деген құрметі.

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал»-  деп бұйырған. Құрбан шалу – Ханафи мазһабы бойынша  уәжіп. Құрбан шалу  адамға уәжіп болу үшін: мұсылман болу, бас бостандығының болуы, Құрбан айт кезінде жолаушы болмау және негізгі қажеттерден басқа нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – қажеттілігінен артық 85 гр алтын (1 230 000 теңге) қаражат. Ал мүмкіндігі жоқ адамға Алла Тағала құрбандық шалу  міндетін жүктемеген.

“Құрбан” сөзі “жақын болу”, “жақындау” деген ұғымдарды білдіреді. Мұсылман баласы айт күні құрбандық шалу арқылы Аллаға деген ақ ниетін паш етеді. Қасиетті Құранда Алла  Тағала: “Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің).” (“Хаж” сүресі, 37-аят), – деп адал ниеттің маңыздылығын атап өткен.

Құрбан шалған мұсылман  ақыретте жүзі жарық болып, мол сауапқа ие болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам баласы құрбан айт күні (құрбан шалу) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар» деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  тағы бір  хадисінде Алла Тағала ризалығы үшін шалынған құрбанның әрбір қылшығы үшін сауап бар екенін былай деп баяндайды: «Сахабалар Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) – Уа, Алланың Елшісі, құрбандық деген не? – деп сұрақ қойды. – Құрбандық – сендердің Ибраһим (ғ.с.) бабаларыңның сүннеті – деді.  – Одан бізге қандай сауап бар?  –Әрбір тал қылшығы үшін сауап бар. – Қойдың жүнінен ше? –Қойдың жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады». 

Дәулеті бар, әрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уәжіп. Бұл қасиетті мереке күндері  мүмкіндігі жоқ, тұрмысы төмен отбасыларға қол ұшын беріп, оларға қуаныш сыйлау – сауапты іс болып табылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде:        «Кімде-кім дүние мүлкі мол бола тұра құрбан шалмаса, мешітімізге жақындамасын»-деп құрбан шалудың бай адамдар үшін маңызды міндет екенін атап өткен. Жалпы дәулетті адамдар  құрбандық шалу арқылы адамдар арасында  мейірімділік шуағын шашып, қоғамдағы береке – бірлікті нығайтады.Сонымен қатар Құрбандық шалу арқылы Алла тағала берген нығмет үшін  ризашылығымызды білдіреміз.

Кейбір адамдар Арафа күні «шек» деп құрбандық шалып жатады. Бұл құрбандыққа жатпайтынын ескертеміз. Шариғатымыз бойынша  құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айтың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Қандай да бір маңызды шариғи себепке байланысты құрбан айт намазына бара алмай, айт намазын оқымаған кісі намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Айт намаздан бұрын шалынған мал құрбандық болып саналмайды.

   Еліміздің тұңғыш Президенті– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2005 жылдың 30-шы желтоқсанынан бастап қазақстандықтар үшін Құрбан айттың бірінші күні демалыс болып белгіленді. Бұл – ұлық мерекені халықтық деңгейде  атап өтуге, көп ұлтты Отанымызды мекен еткен халықтар достығы мен бірлігін нығайта түсуге  айрықша  мол үлесін  тигізіп келеді. Егеменді елімізде төл дініміз Ислам жылдан-жылға кеңінен қанат жаюда. Тек осы ағымдағы жыл ішінде Семей өңірі бойынша алты мешіт ел игілігіне ұсынылды. Сонымен қатар,  Семей шаһарынан жомарт азаматтардың демеуімен қала тұрғындары ұзақ жылдар бойы  асыға күткен  Абай Құнанбайұлы  атындағы зәулім мешіт ғимараты бой көтерді.

Убада ибн әс-Сомиттен имам Табарий риуаят еткен хадисте  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Рамазан және Құрбан айт түндерінің сауабынан үміттеніп, ғибадатпен өткізген кісінің жүрегі, өзге жүректер өлген күні- өлмейді»– деген екен. Яғни айт түнін ғибадатпен, құлшылықпен  өткізудің сауабы мол. Сонымен қатар,  айт қарсаңында ғұсыл алып, Айт намазға қатысу және жақын-туыстарды, дос – жарандарды мерекемен құттықтау, ата-анамызға арнайы барып,  құрмет көрсету борышымыз.

Қазіргі кезеңде күллі әлем халқы ауыр күндерді бастан кешіруде. Індеттен сақтану әр адамның басты міндеті.  Сіз өзіңізді қауіпті   індеттен сақтай отырып, айналаңыздағы адамдардың, отбасыңыздың амандығын қамтамасыз етесіз. Дініміз бойынша денсаулық Алланың берген аманаты болып саналады. Аманатқа қиянат жасауға болмайды. Сондықтан Айт күндері  жергілікті атқарушы органдардың және  мамандардың  ақыл-кеңесіне құлақ асып,  мереке күндерінде барлық сақтық шараларын сақтауға шақырамыз!

Сонымен қатар,  жергілікті фермерлерден Алла ризашылығы үшін   құрбан айт кезінде  мал бағасын аса қымбаттатпай, «Қанағат– таусылмайтын қазына» деген ұлағатты сөзді қасиетті мереке күндері берік   ұстануларыңызды сұраймыз. Дана халқымыз: «Қанағат қарын тойдырар…» –  десе, сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсылман болып жеткілікті  табысы болған  және осыған қанағат  еткен кісі қандай бақытты» – деп қанағатшыл  адамды бақытты жанға теңеген екен. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сүйіншілеген  үмбеттерінің қатарынан болайық, ағайын!

Діни басқарма қазіргі уақытта еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты «QURBAN-2021» жобасын іске асырудың екі бағытын ұсынып отыр. Біріншісі, мемлекет тарапынан рұқсат берілген жағдайда қасапханаларда санитарлық ережелерді қатаң сақтай отырып, офлайн режимде құрбан шалу рәсімін ұйымдастыру, екіншісі, арнайы дайындалған «QURBAN-2021» веб-сайты арқылы онлайн режимде өткізу.

Көптеген мұсылман мемлекеттерінде  ұзақ жылдардан бері бұл тәжірибе кеңінен қолдануда. Мәселен, Сауд Арабиясына қажылық кезінде 3 миллионға жуық адам барады. Ал тәматтуғ немесе қиран шартымен  қажылық жасаған адамға құрбандық шалу уәжіп. Сол кезде қажылар арнайы белгіленген мекемелерге  құрбан шалу рәсімін аманат етіп, малдың құнын төлейді.  Ал әлгі мекемелер құрбан еттерін әлемдегі мұқтаж елдерге таратады.

Біздің елде де былтырдан бері осы тәжірибе қолға алына бастады. Онлайн арқылы түскен  қаржыға  сатып алынған малдың еті  жергілікті мешіттер арқылы мұқтаж жандарға таратылады. Семей өңірі  бойынша аталмыш жобаны жүзеге асыру  шаралары белгіленіп, қазіргі кезеңде жамағаттар арасына түсіндіру жұмыстары  жүргізілуде. Құрбандыққа шалынатын мал  бағасы жергілікті нарық бағасымен көрсетіледі. Ауылды жерлерде және жеке үйлерде тұратын мұсылмандарға шариғат шартын сақтай отырып, құрбандық шалуына болады.

Құрбан айт – мұсылмандар бес парыздың бірі-қажылық парыздарын өтейтін кезең.  Өкінішке орай, әлемді шарпыған аса қауіпті  індетке байланысты, отандастарымыз биыл да ұлық  сапарға бара алмайтын болды. Дегенмен де алдағы жылдары жағдай қалыпқа түсіп, қасиетті Мекке-Мадинаға жол ашылады деген үлкен сенімдеміз.

Аса құрметті,  жамағат! Баршаңызды күллі  мұсылман қауымының ұлық мейрамы – Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Құрбан айт мейрамының адамдар арасындағы бірлікті күшейтіп, бауырластықты арттырудағы   маңызы  айрықша.

Айт күнгі ізгі ниеттеріңіз, мереке құрметіне жайылған ақ дастархандарыңыз,  шалған құрбандықтарыңыз және  оқыған  дұғаларыңыз қабыл болсын! Береке-бірліктің ұйтқысына айналған сүйікті  Отанымыз Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағы артып, Жаратушы Иеміз  халқымызға бейбітшілік, жерімізге құт-береке нәсіп етсін!

 Әр отбасына амандық,  бақ- береке, шаттық, ынтымақ және  толағай табыс тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

 Асқар қажы Әбітайұлы,

 ҚМДБ-ның Семей аймағындағы және

Семей қаласындағы  Абай Құнанбайұлы  

атындағы орталық мешіттің бас имамы.