Негізінде әр адам баласы өзінше сұлу, ерекше әдемі жаратылыс. Алла Тағала Құранда: «Шүбәсіз, Біз адам баласын ең көркем, ең керемет бейнеде жараттық», – деген («Тин» сүресі, 4-аят).
Сол себепті кез келген адам өзінің басқа ағзалары секілді тісінің де әдемі әрі түзу болғанын қалайды. Қазіргі кезде тісті түзету үшін жаңа ортотехнологиялар қолданылады. Олар алынбалы-салынбалы тіс протездері, тіс табақшалары және брекет. Сонымен қатар брекет тіс ауруының қаупін төмендетеді, қызыл иектің ауру мүмкіндігін азайтады, сөздердің анық шығуын қамтамасыз етеді, бет әсемдігін әрлейді және тыныс алуды жақсылайды.
Хадистерде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауа ты мен сәлемі болсын) өз тісіне айрықша күтім жасағаны айтылған. Бірде ол: «Егер менің үмметіме қиындық түспегенде, мен оларға әр намаз сайын тісін тазалауды бұйырар едім», – деген (Бұхари мен Мүслім). Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйінен шыққанда да, үйіне қайтып келгенде де және әр намаз оқыр алдында тісін тазалаған, сондай-ақ түнде таһажуд намазынан бұрын тіс тазалауды бұйырған, себебі періштелер хош иіске жақындайды екен.
Брекет денсаулық үшін де өте маңызды. Өйткені ол әсем күлу мен қартайған кезде тістің түгел сақталуына әсер етеді.
Мамандардың айтуынша, тістің мөлшері, тістемі, орналасуы және ауыз қуысының параметрлері қызыл иектің, тіпті асқазан мен ішектің саулығына әсер етеді. Дегенмен сау тіс Алланың үлкен сыйы екені анық.
Емделу, айыбын жасыру және әсем көріну мақсатында тісіне брекет салып, қисық тісін түзетуге шариғат рұқсат береді. Себебі Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың құлдары, емделіңдер! Өйткені Алла дертті де, емді де жаратты», – деген (Термизи, Ибн Мәжа).
Брекет салып, қисық тісін түзету, қалпына келтіру Алланың жаратқан келбетін өзгерту болып саналмайды. Брекет салдырған адам күнәһар болмайды. Сонымен қатар брекет салу дәрет пен ғұсылға кедергі етпейді.
Пікір қалдыру