“ИМАНИ ЖАЗ -2022” ДІНИ ЖАЗҒЫ САУАТ АШУ КУРСЫ БАСТАЛДЫ (ФОТО)

ҚМДБ Семей аймағына қарасты барлық қала, аудан, ауыл мешіттері жылдағы дәстүр бойынша балаларға арналған жазғы діни сауат ашу курсының жұмысын бастады. 

Ата-аналары жетектеп, алғаш рет діни сауат ашуға келген кішкентай шәкірттерді қабылдаған орталық мешітінің наиб имамы Айқын Бейсембай оқыту барысындағы ата-аналар мен мешіттер арасындағы міндеттерді пысықтай келе, олардың қасиетті ілім үйрену жолына табыс тіледі.

«Бұл игі шараның негізгі мақсаты – жазғы демалыс мезгіліндегі балалар мен жасөспірімдердің уақытын тиімді пайдалану, оларды діни сауаттылыққа бағыттап, имандылықтың іргетасын қалыптастырып, жас ұрпақты ізгілікке тәрбиелеу» деді Айқын Русланұлы.

Жазғы сауат ашу курстарында орталық «Абай Құнанбайұлы» мешітінің білікті ұстаздары балаларға дәріс беріп, сабақ барысында балдырғандарға Құран әліппесі, имандылық, әдеп сабақтары, арабша үйрену секілді тәлімі мол дәрістер үйретіліп, олардың діни ілімдері шыңдалды.

Биылғы діни сауат ашу курсының алғашқы күні «Абай Құнанбайұлы» мешіті 8-15 жас аралығындағы 38 қыз бала, 35 ер бала, барлығы 73 шәкіртті қабылдады.