Жуырда Нұр-Сұлтан қаласына әл-Азһар шейхы, Жоғарғы имам Ахмет Тайып келеді. Ахмет Тайып 14-15 қыркүйек күні елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне қатысады деп күтілуде.
Әл-Азһар университеті бай тарихи бар Ислам әлемінің негізгі білім беру, ғылыми-рухани орталықтарының бірі. Университет қабырғасынан көптеген білікті дін мамандары мен ғалымдары шықты.
Әл-Азһар шейхы, Жоғарғы имам – ислам жетекшілерінің ең жоғары атағы. Тарихқа көз салсақ, 1679-2022 жылдар аралығында 50 дін қайраткері әл-Азһардың Жоғарғы имамы болды. Алғашқылары Мұхаммед әл-Хараши, Ибрагим әл-Бармауи, Мұхаммед ан-Нашарти болса, 1980 жылдардан бастап Мұхаммед Әбдірахман Бисар, Джад әл-Хак, Мухаммад Саид Тантауи және Ахмед ат-Тайеб бұл атаққа ие болды.
Сондай-ақ шейх Ахмед Тайып – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұрпағы. Дін қайраткері саңлақ сахаба Әли ибн Әбу Тәліп пен Фатима анамыздың ұлы Хасаннан (Алла баршасына разы болсын) тарайды.
Ахмет Тайып 2010 жылы тарихи тұрғыдан ислам әлемінің негізгі білім, ғылым және рухани орталықтарының бірі – әл-Азһардың жоғарғы имамы атанды. Әрі ол бұрын университетті өзі де басқарған, сонымен қатар Мысырдың бас мүфтиі болған.
Айта кетейік, Жоғарғы имам елімізге жасайтын сапарында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен кездесіп, екі ел арасындағы рухани-мәдени байланысты нығайту мәселесін талқылайды. Сонымен қатар, Жоғарғы имам Ахмет Тайып 16 қыркүйек күні ҚМДБ жанындағы Республикалық бас мешітте жұма намазына қатысып, уағыз айтады деп күтілуде.
Пікір қалдыру