ҮРЖАР АУДАНЫНА ЖАҢА ИМАМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Үржар ауданына арнайы іс-сапармен барған Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы ауданның жаңа имамын тағайындады. 

Қасиетті жұма күні облыстың бас имамы Үржар ауданының жаңа имамы болып бекітілген Мәди Мұхтановты жиналған жамағатқа таныстырып, алдағы қызметіне сәттілік тілеп, тәжірибелі имамның бұл жұмысты да табысты атқарарына сенім білдірді.

Бұған дейін ауданның бас имам қызметін абыройлы атқарып, жамағаттың бірлігі мен ұйымшылдығына үлкен үлес қосып, дін жолында белсенді қызмет атқарған Ұлан Ермекұлы енді Семей қаласына қарасты мешіттердің бірінде жұмысын жалғастыратын болады. Білімі мен біліктілігін көрсете білген имамға жергілікті тұрғындар шапан кигізіп, ат мінгізді. Осылайша алғыстарын білдірген халық Ұлан Ермекұлымен қимай қоштасты.

“Үржар ауданында асыл дініміздің қанат жайып, халық арасында рухани тұрақтылықты кеңінен насихаттағаныңыз үшін өзімнің және дін қызметкерлері атынан алғысым мен риясыз ризашылығымды білдіремін. Шынайы ықыласпен жасаған жұмыстарыңызға Алла мол сауаптардан жазсын!”, –  деді сөзінде облыстың бас имамы Асқар Әбітайұлы.