ӘЛ-ХАРАМДАҒЫ АЗАН ДАУЫСЫ: ТАРИХИ ФАКТІЛЕР

Мекке қаласындағы әл-Харам мешітінде жүздеген жылдар бойы әсем дауысты азан шақырылып келеді. Тарихшы доктор Мансұр ал-Даджани Исламның алғашқы кезеңінен бастап бүгінге дейінгі азан тарихы туралы қызықты фактілермен бөлісті.

Қасиетті мешітте алғашқы азанды пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) қара терілі сахабасы Біләл бин Рабах Қағбаның төбесінде тұрып шақырды. Оған пайғамбардың өзі 630 жылы сондай тапсырма берген болатын.

“Ол уақытта мешіттің аумағы қазіргі матафпен (Қағбаны айналу аймағы) бірдей еді және айналасында қабырғалары да, мұнаралары да болған емес. Алғашқы мұнаралар 754 жылы аббасидтер халифасы Әбу Жапар әл-Мансұрдың кезінде пайда болды. Ол Баб әл-Умра деп аталатын тұңғыш мұнараны тұрғызды”, – дейді тарихшы.

Әл-Харам мешітінде микрофон мен динамиктер алғаш рет 1947 жылы қолданысқа енгізілген. Мешіттің сол кездегі имамы Абд аз-Захир Әбу ас-Самх ел үкіметіне ұсыныс білдіріп, дыбыс күшейткіштерді орнаттырған.

1947 жылы 31 қазанда ол жұма уағызын тұңғыш рет микрофонмен айтты. Кейін азанды да сол арқылы шақыра бастаған.

Ал қазіргі күні Меккеде жоғары технологиялы дыбыс жүйесі жұмыс істейді. Азан мен уағыз-насихаттар 7000 колонка арқылы жүргізіледі.