ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ – ҰЛТ ҚАЗЫНАСЫ

Жуырда “Абай Құнанбайұлы” орталық мешітінде “Әйел-қыздар” секторының ұйымдастыруымен “Отбасы құндылығы” атты семинар-тренинг өтті. Қырыққа жуық қыз-келіншектердің қатысуымен өткен жиында психолог маман Толқын Мәди спикер болды. Маманның айтуынша отбасыдағы жылулықты сақтау үшін 7 құндылыққа баса назар аударып, ұрыс-керістің алдын алу қажет.

Семинарда сөз алған Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Данагүл Төлегенқызы  мәуліт айының кіруімен құттықтап, жиынның берер пайдасына тоқталып сәтті өтуін тіледі.

“Некенің артықшылығы – ол ер мен әйел бір-бірін қолдап, белгіленген отбасылық міндетті орындауға мүмкіндік беру.  Бұл өзара түсіністік пен көмек, шынайылық пен төзімділік ережелерін ұстанған, бір-бірін ұнататын, бауырға тартатын ер мен әйелдің бірге өмір сүрудегі басты ережесі. Қасиетті Құранда: «сендердің әйелдерің сендер үшін киім сияқты, ал сендер оларға киім сияқтысыңдар…» (Құран, Бақара сүресі, 187 ). Олар бір-біріне жақсы киімдер сияқты – жайлылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, қорғайды, көркем етеді, жылытады, бөгде көздерден жасырады. «Сендердің ең жақсыларың – әйелдеріңе жақсы қарым-қатынаста болғандарың. Ал мен әйелдерім үшін ең жақсысымын» (ат-Тиризи)”,- деді семинар барысында Данагүл ханым.

Жиын соңы қатысушылар мен спикер арасындағы сұрақ-жауаппен жалғасын тауып, алдағы уақытта осы сынды кездесулерді көбейту жоспарланды.