КОНФЕССИЯ ӨКІЛДЕРІН БІРІКТІРГЕН ФОРУМ ӨТТІ

Жақында Абай облысында «Рухани келісім – татулық негізі» атты форум өтті. Облыс аумағындағы барлық конфессия өкілдерінің басын қосқан форумға діни қызметкерлер, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, жастар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Форумның ашылуында Абай облысы әкім аппаратының басшысы Жасұлан Сәрсебаев қатысушыларды «Рухани келісім» күнімен құттықтап, діни қызметкерлерге алғыс хаттар табыс етті.

Абай облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Садырбаев форум облыстағы барлық конфессия өкілдерін қамтитыны туралы хабарлады.

— Рухани келісім күні қарсаңында кезекті діни қызметкерлердің басын қосатын облыстық форум ұйымдастырудамыз. Біздің облыста барлық конфессияларды білдіретін 170-тен астам діни бірлестіктер тіркелген. Олардың барлығы ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға үлес қосуда. Өңірімізде діни бірлестіктер басшыларының клубы белсенді жұмыс атқарып жатыр. Қазіргі таңда облыстағы діни ахуал тұрақты. Мұның кепілі – елімізде орныққан достық көпірі. Біздің міндетіміз – қалыптасқан ұлтаралық және дінаралық бірлестікті нығайтып, болашақ ұрпаққа аманат ету, – деп атап өтті Айдар Садырбаев.

Өңірдің бас имамы Асқар Мұқанов сенім мен өзара сыйластықтың айрықша орын алатынын тілге тиек етті.

— Бүгінгі форумның маңызы өте жоғары. Қазір біз үшін келісімді сақтау және достық пен өзара сыйластық құндылықтарын насихаттау бұрынғыдан да аса қажет. Бүгінде конфессияаралық диалогтың маңызы орасан. Сол себептен «Рухани келісім» күні қарсаңында түрлі конфессиялардың өкілдері өзекті мәселелерді талқылай алатын арнайы форум ұйымдастырылды, – деп бөлісті Асқар Мұқанов.

Абай облысының благочині, дін қызметкері Евгений Яганов бейбітшілік пен келісімде өмір сүру барлық адамзат үшін басты мақсат болуы шарт деп мәлімдеді.

— Форум маңызды мереке қарсаңында өтуде. Біздің өміріміздің басты мақсатына айналған бейбіт әлемді қалыптастыру үшін белгілі бір мақсаттарды жүзеге асыруымыз қажет. Бізді біріктіретін негізгі тұғыр – әлем мен бейбітшілік. Сондықтан, махаббат, келісім мен бейбітшіліктен құралатын біртұтас іргетастың болуы ынтымақтастыққа жол ашады, – деді Евгений Яганов.

Форум шеңберінде түрлі семинар-тренингтер ұйымдастырылып, олардың әрқайсысында жеке тақырыптар көтерілді. Сонымен қатар, форум аясында қатысушылар ағаш көшеттерін отырғызып, қала мұражайларына экскурсиялар жасады.