МЕШІТ ИГІЛІГІНЕ ЖАҢА БАСПАНА БЕРІЛДІ

Таяуда Абай облысына қарасты Аягөз қаласындағы орталық мешітіне қызметтік үй берілді. Баспана аудан имамы Алмас Айткәрімұлының бастамасымен және демеуші жомарт жандардың көмегімен бой көтерген. Бұл ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында берілген 718–ші баспана.

Ашылу салтанатына мешіт жанашырлары, аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Маратұлы, ішкі саясат бөлімі басшысы Руслан Серікқазыұлы және жастар бөлімі басшысы Бақтияр Абенов арнайы қатысты. Жергілікті ақсақалдар тұсаукесер рәсімін өткізіп, ақ жаулықты аналар шашу шашып ақжарма тілектерін ақтарды.

Төрт бөлмелі пәтер ішіне заманауи үлгідегі ремонт жасалған. Тұрмысқа қажетті заттардың барлығы дерлік қойылып, мешіт қызметкерлерінің қолдануына ыңғайластырылған.

Мешіт игілігіне берілген баспананың құрылыс жұмыстарына ат салысқан барша жанашыр жандарға алғысымызды білдіреміз! Алла разы болсын!