СЕМЕЙ: ТҮЗЕТУ МЕКЕМЕСІНДЕ АУЫЗАШАР БЕРІЛДІ

Бай болсаң балам тасыма, Кедей болсаң жасыма. Нелер келіп не кетпес, Ер жігіттің басына, – дегендей, мына өмірде адам баласының басынан түрлі жағдайлар өтуі мүмкін. Ойнап жүріп от басатындар да, қапыда аяғын шалыс басып қалатындар да, яки, жазықсыз жалаға кез келетіндер де өмір болған соң кездесіп жатады. Не десек те, халқымыздың «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң», – деген мақалында айтылғандай адам баласының тәубеге келіп, тура жолды табуына әрқашан мүмкіндік бар.

Мұндайда қоғам болып ол адамды жылы қабылдап, ыстық бауырына басып, жылуын төгуі әлгі адамның ары қарайғы өмірде түзу жолды жаңылмай тауып кетуіне тигізер септігі көп.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Рамазан айында қолға алып жатқан ізгі бастамаларының бірі – еліміздегі түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқан жандардың арасындағы ауыз бекітіп, ораза ұстаған жандар үшін Ауызашар дастарқандарын жаю.

Осы ретте Абай облысы бойынша ҚМДБ-ның Жат діни ағымдардан сақтандыру бағытына жауапты маманы Мақсат Дүйсенбекұлының бастамасы және Семей қалалық Тас мешітінің имамы Нұрбек қажы Нәзерұлы және Төкеш мешітінің имамы Думан Оразханұлының қолдауымен қаламыздағы №20 Түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтардан 60 адамға ауызашар қоржыны таратылып, қайырымдылық айында игі іс жасалды. Алла сауаптан жазсын!