АБАЙ ОБЛЫСЫ: ОРТАЛЫҚ МЕШІТТЕ СОҢҒЫ ТАРАУЫҚ, ҚАРИҒА ҚҰРМЕТ

Абай облыстық орталық Абай Құнанбайұлы атындағы орталық мешітте биылғы жылғы соңғы тарауық намазы оқылып, Құран хатым дұғасы жасалды. Абай облысының бас имамы Асқар қажы Әбітайұлы Тарауық намазынан кейін хатым дұғасы жасап, толықтай оқылған Құран Кәрімнің барша мұсылмандардың рухына бағыштап, еліміздің игілігі, халқымыздың береке-бірлігі, ұрпағымыздың келешегі үшін Аллаға жалбарынып, жамағат болып тілек тіленді.

Жалпы Рамазан айында Тарауық намазында Құран Кәрімді басынан соңына дейін толықтай хатым ету сүннет амал болып саналады.

Осы сүннетті кемеліне келтіріп орындаған қариымыз Мағжан Қаленұлына Асқар қажы Әбітайұлы ерекше алғыс білдіріп, иығына шапан жапты. Сондай-ақ, мешіт жамағаты мен демеуші азаматтар атынан «Ерім дейтін ел болмаса, Елім дейтін ер қайдан шығады», – дегендей, болашағынан зор үміт күттіретін жас қариымызға 1 500 000 теңге көлемінде сыйақы табыстады.

Соңғы тарауық намазы, әрі, Құран хатым дұғасы жасалатындықтан мешітіміздің іші жамағатқа толықтай толып, дұға қабыл болатын сәттердің бірі саналатын Құран хатым дұғасымен бірге әркім көкейінде жүрген тілектерін жалбарына тілеп жатты. Алла Тағала 30 күн жамағатпен оқыған Тарауық намызымыз бен Құран хатымды, тілеген дұға-тілектерімізді қабыл етсін деп тілейміз.