Алла Тағала Құран Кәрімде мұсылмандарды сипаттай келе «Олардан кейін келген (һәм солардың ізін қуған) мүміндер болса, Аллаға: «Уа, Раббымыз, бізді және бізден бұрын иман келтірген бауырларымызды кешіре көр! Жүрегімізде иман келтірген жандарға деген жек көрушілік, өшпенділік сынды жаман сезімнің оянуына жол бере көрме!», – деп мұсылмандардың өткендерді дұғаларынан тастамауы қажеттігін ескертеді.
Осы ретте Рамазан айының басында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздің мешіттеріне «Бабалар рухына Құран хатым» шарасын өткізуді ұсынған болатын. Өз кезегінде Абай облыстық Абай Құнанбайұлы атындағы орталық мешітте Рамазан айының бірінші күнінен бастап күнделікті бесін намазынан кейін Құран Кәрімнің бір парасы оқылып келе жатқан еді. Бүгін оразаның соңғы күнінде Құранның соңғы 30-шы парасы оқылып, басынан соңына дейін аударылған Құран хатымның сауабы бабалар рухына бағышталды.
Құран хатым дұғасын жасаған Абай Құнанбайұлы мешітінің наиб имамы Қуаныш Файзоллаұлы Қазақ хандығының негізін қалаған Керей-Жәнібек хандардан бастап соңғы ханымыз Кенесары бабамызға дейінгі елімізді өрге сүйреген хандарымызға, Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы биден бастап, Төле, Қазыбек, Әйтеке би сынды қара қылды қақ жарған әділетті билеріміздің рухына, Асан қайғы бастап, Бұқар жырау қостаған халқымыздың рухын көтеріп, елімізді адалдыққа, ел басшыларын әділдікке шақырып отырған ақын-жырауларымызға, Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай бастаған арғы-бергі өткен еліміздің келешегі жолында жанын берген батырларымыздың, Алаш ардақтыларының, Ұлы отан соғысы шейіттеріні, тәуелсіздік жолында құрбан болған Желтоқсан боздақтарының, біздің осы күнге жетуімізге себепкер болған ата-бабаларымыз бен әже-аналарымыздың рухтарына Құран хатым сауабын арнайы бағыштап, еліміздің келешегінің жарқын болуын тілеп дұға жасады.
1 ай бойы Құран Хатымға қатысып, қариларға ілесіп Құран Кәрімді жүзінен оқып шыққан мешіт жамағаттары ұстаздарға алғыстарын білдіріп, естелік суретке түсті.
Алла Тағала келесі Рамазан айына төрт құбыламыз тең, төрт көзіміз түгел, еліміз аман, халқымыз тыныш, береке-бірлікте жетуді нәсіп етсін!
Пікір қалдыру