АБАЙ ОБЛЫСЫНАН ШЫҚҚАН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КЕРУЕНІ ПЕТРОПАВЛҒА ЖЕТТІ

10-шы Сәуір күні Семей қаласынан су тасқынан зардап шеккен аймақтарға 10 жүк көлігінен тұратын гуманитарлық көмек тиелген қайырымдылық керуені аттанған еді. Еліміздің түкпір-түкпірінде орын алып жатқан төтенше жағдайларға байланысты Абай облыстық Зекет және қайырымдылық қорының жетекшісі Рашид Жамалбекұлы бастаған 3 Газель көлігі бағыттарын Петропавл қаласына бұрып, Абай елі атынан жіберілген гуманитарлық көмекті дәл қазіргі таңда су тасқынынан зардап шегіп жатқан Петропавл қаласына түнгі сағат 01:00 шамасында жеткізді.

Өз кезегінде СҚО Зекет және қайырымдылық қорының қызметкерлері уақыттың кештігіне қарамастан, аталмыш көмекті қабылдап алып, таң атысымен эвакуациялық орталықтардағы қала тұрғындарына таратып беруде. Алла Тағала азаматтарымыздың ізгі әрекеттеріне сауаптан жазғай.

Қалған 7 жүк көлігі жүрістерін әрі қарай жалғастырып, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарын бетке алып барады. Алла жолдарын оңғарсын дейміз.