БАС МҮФТИ АБАЙ ОБЛЫСЫНДА «ДІН МЕН ДӘСТҮР» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ

Бүгін Абай облысының орталығы Семей қаласында ҚМДБ-ға қарасты «Дін мен дәстүр» орталығы ашылды. Аймаққа арнайы іссапармен келген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ресми ашылуына қатысып, құттықтау сөзінде орталықтың маңызына тоқталды.

«Тағы бір маңызды тоқталар нәрсе ол биыл мүфтият 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялады. Сан ғасырдан бері дінімізбен бірге жасасып келе жатқан дәстүрімізді қайта жаңғырту мақсатында көптеген іс-шаралар қолға алынды. Жыл басында Бабалар ізімен: қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп кітабы сынды ірі жобалар елге таныстырылды. Осы орайда бүгінгі «Дін мен дәстүр орталығы» да бабаларымыздан келе жатқан салт-дәстүрімізді жаңғырту ордасы болмақ. Бір жағында шәкірттеріміз білім алса, екінші қабырғасынан қазақтың салт-дәстүрінің иісі бұрқырап қайнап жататыны анық. Орталық жұмысына сәттілік тілеймін» деді Бас мүфти.

Айта кетейік «Дін мен дәстүр» орталығының көлемі 2273 шаршы метрді құрайды. Жанашыр азаматтардың демеуімен салынған ғимарат 2 бөліктен тұрады. Бірінші жартысы 4 қабаттан тұратын «Діни сауат ашу» орталығы. Ол 100 студентке арналған. Барлық заманауи талаптарға сай оқу орнында жатын бөлмелелері, оқу сыныптары, кітапхана, асхана, тазалық бөлмесі, медициналық бөлмеге дейін толықтай қамтылған. Жоғарғы 2-3 қабаттарында студентерге арналған жатын бөлмелері, тазалық бөлмесі, медициналық бөлме, қонақтар бөлмесі орналасқан. 1-қабатта Дін мен дәстүр сыныбы, Абай сыныбы, Шәкәрім сыныбы және ұстаздар бөлмесі бар. Төменгі қабатта асханасы орналасқан. Мұнда ұлттық салт-дәстүрлеріміз ұлықталып, ұмыт болып бара жатқан көне дәстүрлер қайта жаңғырмақ.