АБАЙ ОБЛЫСЫ ИМАМДАРЫ БІЛІКТІЛІК КУРСЫН ТӘМАМДАДЫ

ҚМДБ, Абай облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен Семей қаласы мешіттері мен облысқа қарасты аудан-ауыл имамдарына арналған біліктілігін арттыру курсы өтті.

3-13 қыркүйек  аралығында он күнге созылған білім курсында «Ихсан – рухани тәрбие негізі», «Фиқһ әдіснамасы», «Хадис әдіснамасы», «Уағыз айтудың әдебі», «ҚМДБ Ғұламалар кеңесінде қабылданған пәтуаларына түсіндірме», «Қажының рухани келбеті», «Адал астың маңыздылығы», «Имамның тұлғалық бейнесі» атты бірнеше семинар мен Ақида (Иман негіздері), Фиқһ (Ислам құқығы), Құран және тәжуид дәрістері жүргізілді.

Біліктілік курсына дәріс беру үшін ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі, ҚМДБ жанынан ашылған Ислам ғылыми зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Төрелі Қыдыр ұстаз арнайы шақырылды.

Сондай-ақ, Әл-Азһар, Нұр-Мүбәрак, Хасеки сынды белді діни орындарын тәмамдаған жергілікті дін мамандары да курсқа қатысушы имамдарға дәріс оқыды.

Курс соңында Абай облысының бас имамы Асқар қажы Әбітайұлы «Имамның тұлғалық бейнесі» құжаты негізінде семинар өткізіп, имамдарға біліктілігін арттыру жөніндегі сертификаттар табыстады. Имамдарға дін жолындағы атқарып жатқан қызметтері үшін алғыс білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.