АБАЙ ОБЛЫСЫ: VI ИМАМДАР ФОРУМЫНДА ҚАБЫЛДАНҒАН ҚҰЖАТТАРДЫ ТАНЫСТЫРУ ЖИЫНЫ ӨТТІ

Абай облыстық орталық Абай Құнанбайұлы мешітінде Абай облысы имамдарының кеңейтілген жиыны өтті. 

Берекелі жиналыстың алғашқы бөлімінде мешіт имамдарына “VI Республикалық имамдар форумында” қабылданған«Қазақ халқының дәстүрінде және Ислам дінінде отбасы құндылығы» тұғырнамасы және «Құдайы аста ысырапқа жол бермеу(тәртібі мен мәзірі)» құжаттары таныстырылып, жауапты имамдар құжаттың мән-маңызына қатысты баяндамалар жасады.

Абай облысының бас имамы Асқар қажы Әбітайұлы қала және аудан имамдарына тиісті тапсырмалар беріп, аталмыш құжаттардың халық арасында кеңінен насихатталуын тапсырды.

Келесі бөлімде, биылғы Құрбан айт мерекесін жоғары деңгейде өткізіп, халықтың сұранысына жоғары деңгейде жауап беру мақсатында ҚМДБ тарапынан қолға алынып жатқан шаралар мен жұмыс жоспары кеңінен талқыланып, имамдарға тыңғылықты тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар, ҚМДБ басымдық берген бағыттарға Абай облысы бойынша жауапты мамандар “ҚМДБ Ғұламалар кеңесінде қабылданған пәтуаларға түсіндірме”, “Мешіт құжаттарын ретке келтіру”, “Қамқор шарапат мекемесінің жұмысын жетілдіре түсу”, “Дін мен дәстүр сабақтастығы” және т.б. тақырыптарда семинарлар өткізіп, дәрістер оқыды.