Әурет дегеніміз – адамның өзге адамдарға көрсетуге болмайтын ұятты жерлері. Әуретті жабу дегеніміз сол ұятты жерлерді жабу, жасыру дегенді білдіреді. Асыл дінімізде намазда болсын, күнделікті қоғамдық өмірде болсын, әурет жерлерді сырт көздерден таса етіп, жабық ұстау – парыз. Шариғат үкімдеріне қарайтын болсақ, адам денесінің кейбір жерлері бөгде адамдардың көздерінен жасырын болу керек, және намазда тұрған кезде жабық болуы парыз етілген. Бұл жерлерге қарау және бұл жерлерді көрсету харам яғни тыйым салынған.
Әурет жерлер болып есептелінеді:
Еркектер үшін әурет кіндіктен төмен тізенің астына дейінгі аралық. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінде: «Ер адамның әуреті – кіндіктен төмен тізесінің астына дейінгі жер», деп айтқан.
Ал енді әйелдің әуреті – оның бүкіл денесі саналады. Тек жүзі, екі алақаны (білезікке дейін), екі аяғы (тобыққа дейін) әурет емес. Яғни ұятты жерлер қатарына жатпайды. Құранда «Нұр» сүресі, 31-аятта: «Мүмін әйелдерге айт, өздігінен көрінетін жерлерінің тысында, әсемдігі және әшекейлерін көрсетпесін» делінген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) балдызы Әсмаға (р.а.): «Уа, Әсма! Балиғат жасына жеткен қыздың (сырт көзге) мына екеуінен басқа жерінің көрінгені дұрыс емес» деп жүзі мен екі қолын көрсеткен болатын (Әбу Дәуіт, Сүнән).
Әурет жерлерді жабудың маңыздылығы неде?
Бірінші: Алланың әмірі
Қасиетті Құран кәрімде «Ағраф» сүресі, 31-аятта: «Уа, Адамның ұрпақтары! Әркез мешітке жақсы киімдеріңді киіп барыңдар» деп бұйырылған. Осы аяттағы «жақсы киімдеріңді киіп барыңдар» дегенді ғалымдар әурет жерлерді жабу деп түсіндірген. Асыл дінімізде әуретті жабу – Алланың әмірі. Құранда да, хадистерде де мұсылман ер мен әйелге әурет қағидаларын сақтау міндеттелген.
Екінші: Ұят пен ар–намысты қорғау
Хадисте былай делінеді: “ Ұят – иманнан, ал иман – жәннатқа, ал ұятсыздық – дөрекіліктен, ал дөрекілік – тозаққа апарады”. Тирмизи
Әурет жердің жабық болуына мән беру, адамның ар-ұятының, тәрбиелігінің, әдептілігінің(этика), мінезінің(мораль) және зиялылығының көрінісі деп айтуға болады. Орыс жазушысы Антон Чехов бұл мәселеде қысқа да нұсқа былай дейді “Жақсы адам иттен де ұялады”. Халқымызда мынандай мақал бар: “Ұят кімде болса, иман сонда”. Әурет жерлерді жабу, адамның ұятын, ар-намысын және жалпы тұлғалық қадір-қасиетін қорғайды.
Үшінші: Зина және арсыздықтан сақтану
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінде: «Әурет жерiн ашқанға және басқалардың әурет жерлерiне қарағанға Аллаһ лағнет етсiн. Өзiн басқа бiр қауымға ұқсатқан, солардан болады.» Мұсылман адам өзінің көзін зинадан яғни тыйым салынған әурет жерлерді қараудан сақтау керек, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейдi: «Бөтен әйелге шахуатпен қараған адамның көзi алаумен толтырылып, тозаққа кiргiзiледi. Бөтен әйелмен қол ұстасқан адамның қолдары еңсесін байланып, тозаққа тасталады. Бөтен әйелмен керексiз жерде шахуатпен сөйлескен адам әрбiр сөзi үшiн тозақта бiр жыл қалады.» Басқа бiр хадисте: «Көршiнің және достарының әйелдеріне шахуатпен қарау, бөтен әйелдерге қараудан он есе артық күнә. Келіншектерге қарау, қыздарға қараудан мың есе артық күнә. Зина күнәлары да осылай.» Жаратқан иеміз Алла Тағала былай дейді: “(Мұхаммед (ﷺ) Мүміндерге айт:) бөгде әйелдерге қараудан көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Бұл олар үшін өте жақсы. Рас Алла олардың не істегендерінен хабар алушы” Нұр сүресі 30 аят. Көздің нұры кетсе де, құрты кетпейді дейді, расымен де көзге ие болу оны арсыздықтан сақтау оңай іс емес, бірақ нәпсісін тізгіндеп көзіне және ақыл ойына ие болған жандардың дәрежесі қашанда болсын Алланың алдында жоғары. Мұсылман адам көзін өзге адамдардың ұятты жерлерін сұқтанып қараудан тыйып, өз-өзін рухани тәрбиелеу керек. Шариғатымыз бойынша тек қана ерлі-зайыптылар арасында ғана әурет түсінігі болмайды, яғни тек ерлі-зайыптылар ғана бір бірінің ұятты жерлерін көре алады, бұл оларға күнә болып есептелінбейді. Имам Бұхариден, Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Кімде-кім бөгде әйелдің шырайлы жерлеріне шәһуат назарымен қарайтын болса, Алла тағала қиямет күні ол пенденің көздеріне қорғасын құяды» деген мағынадағы хадис риуаят етілген.
Қорытыңдылай келе айтсақ әуретті жабу – бұл Алланың хикметке яғни даналыққа толы әмірі. Әуретті жабу – парыз, яғни мұсылманның міндеті.
Абай облысы, Ақсуат ауданының Бас имамы
Тұрсынғалиев Қанат Мұратбекұлы




















Пікір қалдыру