1 қыркүйек – Білім күні – әрбір жүрекке ілімге деген құштарлықтың дәнін себетін мерейлі күн. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Оқы, жаратқан Раббыңның атымен оқы!» деп бұйырады. Бұл – адамзат тарихында түскен ең алғашқы уахи, ең ұлы үндеу. Демек, білім – адамды жаратылыстың шыңына көтеретін, қараңғылықтан нұрға шығаратын құдірет.
Білім – тек кітап бетінде ғана емес, технологияда, ғылым мен өнерде, өнегелі істе де көрініс табуы қажет. Жаһандану дәуірінде білімді ұрпақ қана өз елін өрге сүйрей алады. Бірақ ғылым мен білімді тек дүниелік мақсатқа емес, имандылықпен ұштастыра білгенде ғана шынайы береке табады. 1 қыркүйек – осы аталған құндылықтарды қайта жаңғыртатын, ізгілік рухын ұялататын мереке. Бұл күн әрбірімізге білімнің қадірін еске салып, оны ел игілігіне, ұрпақ болашағына жұмсауға үндейді.
Қазақ даласында ғасырлар бойы мешіт пен медресе халықтың рухани тірегіне айнала білді. Ұстаздар шәкірттерге Құран ілімін үйретіп қана қоймай, ғылымның да түрлі саласынан білім берді. Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Ыбырай Алтынсарин секілді ұлы тұлғаларымыз ілім мен иманды қатар алып жүріп, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосты. Бүгінгі таңда да мешіттердегі ұстаздар жастарға дұрыс діни бағытты, сауатты білімді үйретіп, теріс ағымдардың ықпалынан сақтандыруда. Бұл – білімнің рухани құндылық екенін тағы да айқындайды. Мектеп – ғылым ордасы болса, мешіт – иман ордасы. Екеуінің тоғысында өскен ұрпақ қана толыққанды тұлғаға айналады. Тек дүниелік біліммен шектелген жас – кемел болмайды, діни біліммен шектелген адам – заман талабына сай бола алмайды. Имансыз білім – құрғақ, нәтижесіз; білімсіз иман – әлсіз. Екеуі бірін-бірі толықтырып тұрғанда ғана адам баласы шынайы кемелдікке жетеді. Сондықтан медреселер мен мектептердің мақсаты бір – елге пайдасы тиетін, парасатты да иманды азамат тәрбиелеу.
Шын мәнінде, ғылым-білім – кез келген халықтың рухани байлығы мен өркениетке жетуінің алтын қақпасы. Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистері осының дәлелі. Құран Кәрімде Алла Тағала: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» (Зүмәр сүресі, 9-аят) – деп сұраса, тағы бір аятында: «Алла сендерден иман келтіргендер мен ғылым бергендердің дәрежелерін көтереді» (Мужадала сүресі, 11-аят) – деп білім иелерінің мәртебесін айрықша атайды. Сондай-ақ «Раббым, білімімді арттыра гөр!» (Таһа сүресі, 114-аят) – деп пайғамбарларға білімді молайтуға дұға жасауды үйретуі – ілімнің тоқтаусыз ізделетін құндылық екенін көрсетеді.
Алла Тағала барша жас ұрпаққа пайдалы ғылым нәсіп етіп, оны елдің игілігіне жаратуға күш-қуат берсін! Ұстаздарымыздың еңбегін сауапты етіп, білім жолындағы әрбір қадамымызды берекелі етсін!




















Пікір қалдыру