АБАЙ ОБЛЫСЫ: СЕМЕЙ ОРМАНЫНА 3500 ТҮП АҒАШ ЕГІЛДІ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Қазақ елі тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай “35 000 түп ағаш егу” атты республикалық жобасына Абай облысы өз үлесін қосты.

Өздеріңізге белгілі 2023 жылы Абай облысы аумағында алапат өрт салдарынан “Семей орманы” зардап шеккен болатын. Өткен жылдан бастап ірі орман өртінен кейін табиғат алқаптары қайта қалпына келтіру жұмыстарына бағытталған болатын.

Асыл дінімізде табиғатты қорғау, жерді көркейту, адамдар мен жануарларға пайда келтіру үлкен құндылық болып саналады. Осы орайда, Абай облысы мешіттерінің қызметкерлері мен жамағаттары бірлесіп “Семей орманы” мемлекеттік орман табиғи резерватының Семей филиалына қарасты “Каштак” бөліміне барып, 3500 түп қарағай көшетін отырғызды.

Осындай игі шараға ат салысқан имамдар мен жамағаттарға Абай облысы “Зекет және қайырымдылық қоры” арнайы дастарханын дайындап, осындай ауқымды жобаға атсалысқан жандарға алғыстарын жеткізді.