Абай облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен Абай атындағы Семей мемлекеттік театрында “АДАЛДЫҚТЫҢ ЖАРШЫСЫ – МҰХАММЕД” атты Мәуліт кеші атап өтілді. Кеш шымылдығын облысымыздың “Абай” атындағы қазақ музыкалық драма театры арнайы Мәуліт кешіне деп қойылған “Ана сүтімен дарыған адалдық” атты рухани қойылымымен ашылып, халыққа ерекше әсер қалдырды.
Сондай-ақ, биылғы Мәуліт жырын елімізге танымал айтыскер, ақын, термеші – Арман Бердалин қазақи нақышта орындап, театрға жиналған барша халық Алла елшісіне ﷺ арнайы салауат айтып, жүрек лебіздерін арнады.
Кеш соңында Абай облысының Бас имамы Асқар Әбітайұлы Мәуліт мерекесін атап өту кеше ғана пайда болған дүние емес, тарихқа көз жүгіртсек бабаларымыздың Алла елшісі ﷺ өмірге келген айды дәстүрлі түрде атап өткендігін, арнайы түрде Мәуліт жырларының небір түрлерін, Пайғамбарымызға ﷺ арналған махаббатқа толы шығармаларын бізге мұра еткендігін атап өтті. Сондай-ақ, Алла елшісінің ﷺ бойында мұсылман үмметі үшін, тіпті, жаны ізгілікті аңсаған барша адамзат баласы үшін ерекше өнеге бар екендігін, Пайғамбарымыздың ﷺ адалдықтың пен шыншылдықтың, әділдік пен адамгершіліктің, қарапайымдылық пен кішіпейілділіктің, жалпы барлық көркем мінездің үлгісі екендігін жеткізді.
Асқар Әбітайұлы осы кештің көркін қыздырған қойылымның режиссерына, “Абай” театрының ұжымына ерекше алғысын білдірді.
Жылдағы үрдіс бойынша осы жылғы Мәуліт сыйы ауыр дертпен күресіп жатқан қаламыздағы Хакім Хазрет Құран жаттау орталығының ұстазы – Арман Рүстемұлының еміне көмек ретінде арнайы табысталды.
Мәуліт кешін көруге келген қала тұрғындары рухани шарадан жан тыныштығын тауып, ұйымдастырушылар мен театр ұжымына алғыстарын білдірді.


























Пікір қалдыру